Астанада кәріз люктарын ұрлаған 3 адам ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының тәртіп сақшылары кәріз люктарын жымқырып, пайда көрмек болған Ақмола облысының үш тұрғынын қолға түсірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Астана қаласының ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада кәріз люктарын ұрлаған 3 адам ұсталды

Ұрлық оқиғасы 2 желтоқсан күні сағат түнгі 03:00 шамасында тіркелген.

«Ақмола облысының 20, 33 және 58 жастағы үш тұрғыны ұрланған люктарды металл қабылдайтын пунктке өткізбек болған жерінен қолға түсті. Алматы аудандық ІІБ-да аталған жағдайға қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғады», - деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметінен.

Тергеу барысында ұсталған адамдардан 14 кәріз люгы тәркіленген. Қазіргі уақытта құқық қорғаушылар күдіктілердің өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.

Айта кетсек, бүгінгі таңда Астана қаласының ІІД-де қажетті құжаттарсыз металл қабылдайтын пунктерді тексеретін және кәріз люктарын, қара және түсті металлдың ұрлануының алдын алуға бағытталған арнайы топ жұмыс жүргізіп жатыр.