Астанада Қарттар күніне орай 21 мыңнан астам зейнеткерге материалдық көмек көрсетіледі
АСТАНА. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - Елордада Қарттар күніне орай 70 жасқа келген және одан асқан 21 мыңнан астам қарияға 3 мың теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек көрсетіледі. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан хабарлады.
Қазіргі уақытта елордада 57 мыңнан астам зейнеткер тұрады, соның ішінде 277-і Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектер, 4 483 тыл еңбеккерлері. Бірнеше жылдан бері жекелеген әлеуметтік топтарға жататын азаматтар мен зейнеткерлер қалалық жолаушылар көлігінің барлық түрінде тегін жүреді, сондай-ақ, ақысыз негізде тіс протездеу қызметтерін пайдаланады.
Астанада Қарттар күнін атап өту аясында ардагерлерге құрмет көрсету дәстүрі қалыптасып, олардың қажеттіліктеріне баса назар аударылады. Қалалық басқармалармен зейнеткерлерге, қалалық және аудандық ардагерлер кеңестеріне арналған бірқатар мерекелік іс-шаралар мен түрлі қайырымдылық акциялар ұйымдастырылады. Елордада тұрып жатқан қарияларға қамқорлық көрсету жергілікті атқарушы органдардың басымды міндеті болып табылады.
Бұдан басқа, қалалық бюджеттен «Жергілікті өкілетті органдар шешімі бойынша мұқтаж азаматтардың жеке санатына әлеуметтік көмек тағайындау» бағдарламасы бойынша төлемдер мен көмек көрсетудің 15-ден астам түрі жүзеге асырылады. Еске салайық, Халықаралық Қарттар күні барша әлемде жыл сайын 1 қазанда атап өтіледі.