Астанада «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бейбітшілік және келісім сарайында шетелдік қандастарымыздың қатысуымен халықаралық өнер фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі өтіп жатыр

Өнер фестиваліне еліміздің түкпір-түкіпірінен келген отандастарымыздан бөлек, Германия, Франция, Моңғолия, Ресей, Қытай және тағы басқа елдерден 50-ге жуық өнерпаздар қатысуда.

Шығармашылық шараның мақсаты - қандастарымыздың шығармашылық және білім потенциалын арттыру. Ана тілі мен ұлттық құндылықтарды игеруі тұрғысында шетелдегі қазақ диаспораларына әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету.

«Елбасы V дүнижүзі қазақтарының құрылтайында шетелдегі қандастарымызға қолдау көрсететін қор құрып, қаржы жинау керектігін тапсырды. Көп ұзамай президент тапсырмасымен «Отандастар» қоры өз жұмысын бастап кетті. Бүгін міне сол тапсырманың аясында қордың ұйымдастыруымен алғашқы ауқымды шара өтуде. Одан бөлек, Елбасы шетел қазақтарына арналған бағдарлама жасаңдар деді, ол жасалып Үкімет бекітті және оған қажетті тиісті қаржыда бөлінді. Ендігі мақсат - сырттағы қандастарымызға қолдау танытып, олардың ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрді дамытуына жағдай жасау», - деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков.

Халықаралық өнер фестивалі ұлттық қолданбалы өнер, терме және мүшәйра секілді үш номинация бойынша ұйымдастырылуда.

Айта кетсек, қазір әлемнің 43 елінде 5 млн-нан астам қазақ тұрады, олардың дені Өзбекстан, Қытай және Ресейде өмір сүруде.

«Терме жанры бойынша ірі көлемдегі өнер байқауына алғаш рет қатысуым. Негізінен этстрада әртісімін. Бұған дейін Қазақстанда өткен эстрада жанрындағы байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленгенмін. Ал, бүгінгі жарысқа 3 терме дайындап келдім, бірақ қазылар алқасының шешіміен тек біреуін ғана, яғни ақын Бекен Қайратұлының «Қайдан келдің дейсің бе?» термесін орындаймын», - дейді Моңғолиядан келген қандасымыз, термеші Берікбол Ерғабылұлы. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеше елордада шетел қазақтарының қатысуымен жиын өтіп, оның барысында «Алыстағы ағайын» деректі фильмінің тұсауы кесілгенін айтқан болатынбыз.

null null