Астанада кәсіподақ ұйымдарының өкілдері кәсіпорындар мен ұжымдардағы дау-дамайлардың алдын алу мәселесін талқылауда
АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанада еліміздің кәсіподақ ұйымдарының өкілдері бас қосып, кәсіпорындар мен ұжымдардағы даулардың алдын алу мәселелері жөнінде пікір алмасуда.
«Ұжымдық, еңбек даулары мен жанжалдар: олардың алдын алу мен реттеу» атты тақырыппен өтіп жатқан дөңгелек үстел отырысына кәсіподақ ұйымдарының өкілдерімен қатар министрліктер мен ведомстволардың, халықаралық ұйымдар кәсіпкерлік саласының өкілдері қатысуда. Отырыс барысында осы мәселелер жөнінде баяндаған Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашевтің айтуынша, Тәуелсіздіктің 20 жылдығында Қазақстан әлемге танылып халықаралық аренадан лайықты орнын алды.
«Осы жылдары елде нарықтық қатынастар қалыптасып, еңбек құқықтарын сақтау саласындағы көптеген халықаралық құжаттарға қосылдық. Мемлекетіміз демократиялық бағытта дамып келеді. Елімізде әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы мемлекеттік бағдарламалары жетіліп келеді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, еңбек қатынастары дамуда. Соған қарамастан Қазақстанда да кез келген мемлекеттегідей ашық айтуды қажет ететін мәселелер бар. Солардың бірі ұжымдық, еңбек даулары мен жанжалдар»,-дейді федерация төрағасы.
Оның пікірінше, еңбек дауларының күрделілігіне байланысты ол бүгінде ел үкіметін де, атқарушы органдарды да, жұмыс берушілерді де, бірінші кезекте кәсіподақ ұйымдарын толғандырып отыр. Осыған байланысты бүгінгі отырысқа қатысушылар еңбек қатынастары барысында пайда болатын дау-дамайларды шешу мен оларды реттеу мәселесіне қатысты өзара пікір алмасуда.