Астанада қатерлі ісік ауруларына шалдығу бойынша бірінші орында сүт безі ісігі тұр

АСТАНА. 10 ақпан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2009 жылы Қазақстанда қатерлі ісік ауруларына шалдығушылық алғаш рет қан айналым жүйесі ауруларынан кейінгі екінші орынға шықты.
None
None

Бұл туралы бүгін Астана қаласы әкімдігінде өткен дөңгелек үстел отырысында мәлім болды.

Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Лаура Ахметниязованың айтуынша, қатерлі аурулардың белең алу үрдісі бүкіл дүниежүзінде орын алып отырған көрініс. Қазақстанда 2010 жылы қатерлі ісікке шалдығу көрсеткішінде төмендеу үдерісі байқалғанымен, оны бастапқы сатыда анықтау әлі де кемшін түсіп отыр. Онымен бірге, 2010 жылы Астана қаласында онкологиялық аурулардан болған өлім-жітім статистикасы аздап өскені байқалды. Атап айтқанда, 2009 жылы 100 мың адамға шаққанда- 85, 2010 жылы 86,2 болды. Республикалық көрсеткіш 107,4-ті құрайды. Осы орайда, өткен жылы қатердің кең тараған түрлері - жатыр мойны мен сүт безі ісіктерін анықтау үшін Онкологиялық диспансердің базасында маммологиялық және скринингтік орталықтар ашылды.

Ал Астананың бас онколог дәрігері Мұхтар Төлеутаевтың мәліметінше, елордада түрлі қатерлі ісік ауруларына жыл сайын 1000-нан астам адам шалдығады, 500-ден астамы көз жұмады.

«Соңғы бес жылдағы статистикалық мәліметтерден қатердің құрылымы мен ерекшелігінің өзгергенін көруге болады. 2010 жылы оның алдыңғы жылмен салыстырғанда науқастану көрсеткіші аздап төмендегені байқалды. 2009 жылы ол 100 мың адамға шаққанда - 191, 3 болса, 2010 жылы 187,9 құрады», - деді ол.

М.Төлеутаев атап көрсеткендей, Астана қаласында қатерлі ісік ауруларына шалдығу бойынша бірінші орында - сүт безі ісігі (100 мың адамға шаққанда - 11,9), екінші орында - өкпе (8,8,), үшіншіде асқазан ісігі (7,3) тұр. Ал өлім-жітім бойынша бірінші орында - өкпенің қатерлі ісігі, екіншіде - асқазан, үшіншіде - сүт безі аурулары.

Дөңгелек үстел отырысына қатысқан Астананың дәрігерлері, дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын белсенді жүргізу, темекі шегуден бас тарту, депрессиялық жағдайларды болдырмау, ультракүлгін сәулелері бар солярийлерді қолданбау - онкологиялық аурулардың 40 пайызының алдын алуға септігін тигізетінін айтты.

Соңғы жаңалықтар