Астанада қатерлі ісік өскінін ерте бастан анықтау жағдайы жақсарып келеді

Бұл туралы «Онкологиялық аурулардың алдын алу әдісі ретінде 2011 жылғы Астана қаласы тұрғындарының скринингтік зерттеулерінің қорытындысы» атты баспасөз мәслихаты барысында Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасы бастапқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі штаттан тыс бас маман Алтыншаш Табылдина мәлім етті.
«2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында скрининг түрлері мен топтарын кеңейту, сондай-ақ әдістерін жетілдіру мәселелері қамтылып отыр. Жалпы мәліметтерге келетін болсақ, 2011 жылы Астана қаласы бойынша қатерлі ісіктің жаңа пайда болу жағдайлары 100 мың адамға шаққанда 176,2 адамды құрады. 2010 жылы бұл көрсеткіш 187,4 болып еді. Жалпы республикалық көрсеткіш 100 мың адамға 181,2 адамды құрайды», - дейді А.Табылдина.
Оның айтуынша, елімізде онкологиялық аурулардың өршіген кезеңі 2009 жылға тиесілі, онда 100 мың адамға 191,2 көрсеткіштен келген болатын. Ал соңғы 6 жылда медициналық көмектің алдын алу бағытын күшейту, тиімді заманауи технологияны енгізу есебінен бұл көрсеткіш 106,2-ге төмендеді.
Жалпы маманның сөзіне қарағанда, соңғы 6 жылда Астана қаласы бойынша қатерлі ісіктің пайда болуын ерте бастан анықтау көрсеткіштері жақсарып келеді. «Мәселен, егер 2007 жылы бұл көрсеткіш 42,1-ді құрап, республикалық деңгейден төмен болса, 2011 жылы бұл 49,5-ті құрап, республикалық орташа көрсеткіштен жоғарылады. Осының арқасында диагностиканы кешеуілдетіп алу жағдайлары 11,5 пайызға дейін төмендеді», - дейді А. Табылдина.