Астанада қатерлі ісікпен және туберкулезбен ауыратындар саны төмендеген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада қатерлі ісікпен және туберкулезбен ауыратындар саны төмендеген. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығынан хабарланды.

Астанада қатерлі ісікпен және туберкулезбен ауыратындар саны төмендеген

Орталық мәліметтеріне қарағанда, елордада тұрғындар арасында тараған аурулармен байланысты жағдай оңалғандығына қарамастан мұнда бірқатар проблемалар да жоқ емес. Солардың бірі қатерлі ісік ауруларының кеш анықталуымен байланысты болып отыр.

2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қатерлі ісіктермен сырқаттанушылар саны 18 %-ға төмендеп, 100 мың халыққа шаққанда 2016 жылы 215,9 болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 176,8-ді құраған. Астана қаласында қатерлі ісікпен сырқаттанушылардың қайтыс болуы былтырғымен салыстырғанда 17,4 % төмендеп, 100 мың халыққа шаққанда 2016 жылы 76,5 болса, 2017 жылы 92,6 болған. I-II сатыдағы қатерлі ісіктермен сырқаттанушыларды анықтау бойынша осы жылдың 9 айындағы жағдай 1,2 %-ға жақсарған.

Дәрігерлердің айтуынша, көрсеткіштердің көңілге қонымды болғанына қарамастан, басты мәселе ракпен сырқаттанушылардың дәрігерге өте кеш қаралуымен байланысты болып отыр.

«Қатерлі ісіктердің кеш анықталу себебі - сырқаттанушылардың өз денсаулығына немқұрайлы қарауы (осындай жағдайлардың үлесі 25,6 % құрады) және дәрігерге кеш қаралуы (үлес 25,2% құрады) болып отыр. Басқа қалалардан келіп, аурудың асқынған кезінде дәрігерге жүгінген пациенттердің пайыздық көрсеткіші 19,2», - деп атап өтті Астана қаласы денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Тимур Мұратов.

Оның сөзінше, онкологиялық патологияларды уақтылы анықтауда скринигтік зерттеулердің маңызы зор. Қазақстан Республикасының туберкулезге қарсы күрес жөніндегі Ұлттық бағдарламасының шеңберінде Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен және денсаулық сақтау басқармасының кешенді шараларды іске асыруына байланысты туберкулезге шалдыққандар саны жыл сайын төмендеуде.

9 айдың қорытындысы бойынша туберкулезбен сырқаттанушылар 1,6% - ға, таралуы 10,4% - ға төмендеген.