Астанада қатты жел тұрғындарды әбігерге салып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Кешеден бері елордада қатты жел соғып, қолайсыз ауа райы қала тұрғындарын әбігерге салды.

жел боран
Фото: Kazinform

Қатты желдің екпінінен адамдар ұшып кете жаздады, әлеуметтік желіде тараған видеолардан қарасақ, кейбір ғимараттардың шатыры, қабырғалары мен қоршаулары құлаған.

Атанадағы жел
Фото: Facebook әлеуметтік желісінен алынды

«Оқиға орнына аудандық төтенше жағдайлар инспекторлары шықты. Ауа райының қолайсыздығынан болған жағдайды растап, белгілеп жатыр. Ал шатырдың құлаған бөлшектерін Астана-Тазалық жұмысшылары жинады», - деген хабар алдық қалалық Төтенше жағдайлар департаментінен.

Астанадағы жел
Фото: Facebook әлеуметтік желісінен алынды

Айта кетсек, әзірге қатты желден зардап шеккен адамдар туралы ақпарат жоқ, осы орайда ТЖД қосымша ақпарат берілетінін айтты.

Сондай-ақ, бүгін (7 қараша) ауа райының қолайсыздығына байланысты екінші ауысымның 0-9 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Бұл туралы қалалық білім басқармасы хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

«Таңертең қала көшелерін қардан тазартуға 2000-нан астам жол жұмысшысы мен 750-ге жуық арнайы техника шықты. Бірінші кезекте орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау жұмыстары жүргізілуде. Қалада бірнеше жабдықталған қар полигондары бар. Онда самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған», - дейді елорда әкімдігінен.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 7 қарашада Астанада қар, көктайғақ және боран болады. Синоптиктер оңтүстік-батыстан 23-28 м/с, кейде 30 м/с дейін жел соғады деп болжап отыр.

Осы орайда қала басшылығы елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұрайды.

Ақтөбе облысында боранды түнде далада қалған 5 адам құтқарылғанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар