Астанада Қайрат Нұрғазиннің «Үкілі үміт» атты ән кеші өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 28 мамыр күні әнші, композитор, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Қайрат Нұрғазин елорданың өнерсүйер қауымына «Үкілі үміт» атты авторлық бағдарламасын ұсынады.
Қасиетті Қостанай өңірінде туып-өскен Қайрат Нұрғазин жасынан ән мен жырға жаны жақын болып өсті. Бабалардың қанымен, анасының ақ сүтімен бойына дарыған өнер оны биік белестерге шығарды. Ел ішінде жүріп, халыққа кең тараған әндер жазды. Қайрат өнерсүйер қауымға әйгілі «Арман жырым - аруларым» әнімен жақсы танымал болды.
1993 жылы «Үкілі үміт» республикалық байқауында жарқырап көрінген талантты жан халықтың ықыласына бөленіп, «Көрермендер көзайымы» жүлдесіне ие болды. Ал 1995 жылы өткен «Үкілі үміт» байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
Қайрат композитор өткен жылы Қостанай қаласынан Астанаға көшіп келді. Елорда жұртшылығы алдында концерт беріп, авторлық кешін өткізу үшін үлкен дайындықтар жүргізді.
Мәдени шараға танымал әнші-композиторлар Марат Омаров, Қайрат Жүнісов, Лұқпан Жолдасов, Елена Әбдіхалықова, Жанат Темірова арнайы шақырылып отыр. Сондай-ақ белгілі әншілер Сәкен Ғалымов, Манарбек Байтасов, Жадыра Арыстанова қатысады.
Осы кеште Қайрат Нұрғазиннің шәкірттері де сахнаға шығады деп күтілуде.
Айта кетейік, ән кеші сағат 18-00-де және 20-00-де «Талант» халықаралық өнер орталығында өтеді.