Қаза тапқан құтқарушы Асқар Забикулинге Астанада ескерткіш орнатылды

Елордада ерлікпен қаза тапқан құтқарушы Асқар Забикулинге № 6 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында орнатылған ескерткіштің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Кazinform.

забикулин ескерткіш
Фото: ҚР ТЖМ

«Әрбір адамның өмірі баға жетпес құнды, мемлекеттің стратегиясы ең алдымен, азаматтарды қорғауға, төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға бағытталған. Сол себепті құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің еңбегі аса маңызды болып табылады. Бұл ескерткіш – Асқардың өжеттігінің, жанқиярлығы мен адалдығының белгісі. Бүгін біздің көңіліміз түсіп, қайғырып, сонымен қатар барлығымыз үшін үлгі болатын ерлікке деген шексіз құрметпен пен таңдануға куә болып тұрмыз. Оның жасаған ерлігі азаматтарымыздың қауіпсіздігі жолындағы күресте біздерге күш пен қуат беретін үлгі болсын.

Асқар Забикулин біздің әріптесіміз ғана емес, сүйікті ұл, жар және әке болды. Оның өмірден өтуі біздің жүрегімізге жазылмас жара салды. Біз оны әрқашан еңбекқор, ақылды және сүйіспеншілікке толы адам ретінде есте сақтаймыз», - деп атап өтті Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов.

забикулин ескерткіш
Фото: ҚР ТЖМ

Ескерткіш тақтадан ақ жамылғыны алып тастағаннан кейін, жиналғандар мемориалға гүл шоқтарын қойып, марқұмды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Биіктігі үш метр болатын ескерткіште Аскардың бюсті қоладан, ал төменгі бөлігі мәрмәрдан жасалған.

Салтанатты шараға, сондай-ақ елорда әкімі Жеңіс Қасымбек, гарнизон басшылығы мен жеке құрамы, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, А. Забикулиннің туыстары мен жақындары қатысты.

Кеше Астананың Үркер шағын ауданында өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімі берілген көшенің ашылуы өткен болатын. 

Еске салайық, 2022 жылдың 16 қарашасында елордадағы 15 қабатты үйден өрт шықты. Салдарынан 3 адам, оның ішінде бір бала ауруханаға түсті. Бірнеше адамды құтқарған өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің денесін 80% күйік шалып, жансақтау бөліміне жатқызылды. 20 қарашада ол астаналық ауруханада қайтыс болды. Дәрігерлер оның өмірі үшін бірнеше күн күрескен болатын.

Мемлекет басшысы ерлік көрсеткен және бірнеше адамның өмірін құтқарған елордалық өрт сөндірушілерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.

Асқар Забикулин I дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. 20 желтоқсанда оған «Алтын адам» сыйлығы табыс етілді.

28 желтоқсанда Астана қалалық мәслихаты шешімімен ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімі жаңа көшеге берілді.