Астанада KazAgroFarm-2026 халықаралық аграрлық көрмесі ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада 17-ші халықаралық аграрлық көрме — KazAgroFarm-2026 өз жұмысын бастады. Көрмеге әлемнің 25 елінен 350-ден астам компания қатысып жатыр. ExpoGroup компаниясы ұйымдастырған іс-шара озық технологияларды таныстыруға, тәжірибе алмасуға және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.

ауыл шаруашылығы
Фото: АШМ

Көрменің ашылу салтанатына Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов қатысты. Сондай-ақ Ливия мен Чехияның ауыл шаруашылығы министрлері, Иранның ауыл шаруашылығы вице-министрі, Германия, Канада, Нидерланд, Испания және Қытайдан келген халықаралық сарапшылар делегациялары, агробизнес өкілдері мен фермерлік шаруашылықтардың басшылары қатысты.

м
Фото: АШМ

Ашылуда сөз сөйлеген Азат Сұлтанов Ауыл шаруашылығы министрлігінің және жеке өз атынан жоғары деңгейдегі іс шара үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

– Бүгінде Астана әлемдік аграрлық қауымдастықтың басын қосатын орталыққа айналды. KazAgroFarm — саланың жетістіктерін таныстыратын жай ғана көрме емес, тәжірибе алмасуға, озық шешімдерді енгізуге және ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға мүмкіндік беретін халықаралық алаң. Қатысушы елдер аумағының кеңеюі Қазақстанның аграрлық әлеуетіне деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетіп, халықаралық ынтымақтастықты дамытудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады, - деді вице-министр.

Оның айтуынша, басты мақсат-азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін арттыру және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейту.

– Біздің стратегиялық мақсатымыз — Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін технологиялық тұрғыдан дамыған, тиімді әрі орнықты салаға айналдыру. Ол үшін өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығына заманауи шешімдерді енгізу, цифрландыруды, автоматтандыруды және дәлме-дәл егіншілікті дамыту, инвестициялық және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту қажет. Көрме жаңа бірлескен жобаларды іске қосуға, өзара тиімді келісімдер жасауға және еліміздің экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді деп сенемін, - деп атап өтті Азат Сұлтанов.

KazAgroFarm-2026 көрмесін өткізу халықаралық іскерлік байланыстарды нығайтуға, инновацияларды ілгерілетуге және Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін орнықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді.

ч
Фото: АШМ

Көрме экспозициясы дәстүрлі түрде аграрлық саланың екі негізгі бағытын қамтиды. KazAgro бағыты тұқым мен өсіру технологияларынан бастап, егін жинау және өнімді сақтауға дейінгі өсімдік шаруашылығының толық өндірістік циклін қамтиды. Ал KazFarm бағыты мал шаруашылығына арналған шешімдерді ұсынады. Олардың қатарында генетика, асыл тұқымды мал өсіру, ет пен сүт өндіру және дайын өнім шығару бағыттары бар.

Көрмеде цифрландыруға, автоматтандыруға, жасанды интеллектке, роботтандыруға және дәлме-дәл егіншілік технологияларына ерекше назар аударылады.

Қатысушылар ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының жаңа үлгілерін, сондай-ақ өздерінің технологиялық әзірлемелерін таныстырады.

Көрменің басты оқиғаларының бірі — қазақтың ақбас сиыр тұқымының 75 жылдығына арналған «Ақбас» қазақтың ақбас сиыр тұқымы күні. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың өзекті мәселелеріне арналған панельдік сессиялар, семинарлар, конференциялар және кәсіби кездесулер өткізу жоспарланған.

Қазақстандық фермерлер үшін көрме шаруашылықтарды дамытуға арналған заманауи шешімдермен танысуға, өндірушілермен және сарапшылармен тікелей байланыс орнатуға, жаңа технологияларды зерделеуге әрі әлеуетті серіктестер табуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, ШЫҰ аясында цифрлық жүк тасымалы платформасы құрылады.