Астанада қазақ халқының ұлы композиторы М.Төлебаевты еске алу кеші өтті

АСТАНА. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында қазақтың дарынды композиторы Мұқан Төлебаевтың 100 жылдығына арналған «Сырбаз көңіл, сырлы саз» атты музыкалық кеш өтті.
None
None

Кеште композитордың «Бақыт вальсі», «Кестелі орамал», «Тос, мені тос», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» атты әндерімен қатар, «Біржан мен сара» операсынан үзінді орындалды. Шара барысында кешке келген қалың оқырманға «Мұқан Төлебаев» атты деректі фильм көрсетілді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Тілеуғали Қышқашбаевтың айтуынша, қазақтың кәсіби музыкасындағы жазба дәстүрдің негізін қалаушылардың бірі - М.Төлебаев. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы 2013 жылды Мұқан Төлебаев жылы деп жариялады. Бұл туралы шешім былтыр Уфада өткен ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің басқосуында қабылданған.

«Мұқан Төлебаев қазақ халқының ұлы композиторы ретінде мәңгілік есте қалады. Оны түркітілдес халықтардың ұлы композиторы деп атауы - біз үшін үлкен мақтаныш. Сондықтан оның артында қалған шығармалары ұрпақтан ұрпаққа баға жетпес мұра болып қала бермек», - деді Т.Қышқашбаев.

Мұқан Төлебаев - отандық мәдениет тарихындағы ең жарқын есімдердің бірі, қазақ ұлттық және еуропалық музыкалық дәстүрлерді біріктірген бірегей дара талант. Ол 1913 жылы Талдықорған облысының Қаршыға ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Жетісудың кең даласында өтті. Музыкаға деген қабілеті ерте оянған Мұқан 6 жаста домбыра шертіп, ән салған. Жас сазгерге танымалдық Ұлы Отан соғысы кезінде келген. Атақты «Тос мені», «Кестелі орамал» әндері нағыз сарбаздар әнұранына айналды. 1945 жылы Мұқан Төлебаев Латиф Хамиди және Евгений Брусиловскиймен бірге Қазақ ССР-нің ресми әнұранын жазды. 1946 жылы қазақ опера өнерінің ең танымал шығармаларының бірі «Біржан мен Сараның» премьерасы өтті. Осы шығармасы үшін Мұқан Төлебаев КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.

1958 жылы Мәскеудегі қазақ өнерінің екінші онкүндігі кезінде композиторға КСРО-ның халық әртісі атағы берілді. Бүгінде Мұқан Төлебаевты әлемдік мәдениеттегі қазақ өнерінің өкілі деп таниды, оның есімі нағыз дарын мен музыкаға қызмет етудің белгісі іспеттес.

Соңғы жаңалықтар