Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған музыкалық қойылым кеші өтті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Конгресс-холл сарайында Астана қаласы әкімдігі мемлекеттік академиялық филармониясының ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған музыкалық қойылым кеші өтті.
None
None

Ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ хандары мен батырлары қазақ тарихының әр белесінде ұлттық тұлға болып сақталды. Қазақ жерінің бір сүйемі осылардың арқасында жаудың қолына кетпеді.

Құс қанаты талатын кең-байтақ даламызды, құтты қоныс, атамекенімізді ұлы батыр бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған. Әсіресе, Хандықтың іргесін бекіткен Керей мен Жәнібек, қасқа жолын салған Қасым хан, Ескі жолды ескіртпеген Есім хан, бейбітшілікті ұстанған Хақназар хан, «Жеті жарғыны» ата-заңымыздың атасы еткен Әз-Тәуке, Қазақтың соңғы ханы Кенесары, үш жүздің билері: Әйтеке би, Төле би, Қазыбек би мен қазақ батырлары ел жадынан бір сәт те ұмытылар емес. Музыкалық қойылым кеші осындай тарихи тұлғасы биік хандар мен билеріміздің елге сіңірген еселі еңбектерін халыққа дәріптеуді, ұрпақ санасында жаңғыртуды мақсат еткен.

Кеште Астана қаласы әкімдігі мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ халық аспаптар оркестрі, «Шалқыма» халық би ансамблі, «Артист» би тобы, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық театрдың актерлері өнер көрсетті.

Бақытжол Кәкеш

Соңғы жаңалықтар