Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған тарихи-танымдық кеш өтті (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» ұлттық көркем сурет галереясында Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған тарихи-танымдық кеш өтті.
«Шараның мақсаты - Мемлекет басшысының Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау керек деген бастамасын қолдау, жастардың бойындағы патриоттық сезімді күшейту, тәуелсіздік құндылықтарын насихаттау, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту», - деп атап өтті Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешев.
Кеште Мұхаммед Рашидидің «Тарихи Рашиди» еңбегінің негізінде сахналанған қойылым көрсетілді. Оған Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртістері қатысып, Қазақ хандығының құрылу кезіндегі маңызды оқиғаларды көрермендер назарына ұсынды. Сондай-ақ Алмас Алматов, Айгүл Елшібаева және басқа да дәстүрлі ән өнерінің майталмандары өнер көрсетті.