Астанада қазақ күресі мен ат бәйгесінен жарыс өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы сенбі, жексенбі күні Астанадағы «Қазанат» атшабарында ат бәйгесінің екі түрінен және қазақ күресінен республикалық жарыс өтеді, деп қабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрме аясындағы аталмыш жарысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және денешынықтыру істері комитеті, Қостанай облысының әкімдігі және ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырып отыр.
6 тамыз республикалық жарыстың басталу күні. Түс кезінде «Этноауылдағы» боз кілемде балуандар белдесуі басталады. Бұл қазақ күресіне 18 жастан асқан, салмағы 73 келіден жоғары балуандардың барлығы қатыса алады.
Ал, бәйге түрлеріне аздаған шектеулер бар. Аламан және топ бәйгеге ұйымдастырушы өңірден өзге Астана, Алматы қалалары мен барлық облыстар тек 2 жүйріктен ғана қатыстыра алады.
Аламан бәйге 21 шақырым қашықтықты құраса, топ бәйге 15 шақырым.
Бәйгелердің бас жүлдесі - екі жеңіл автокөлік. Екінші орынға - 2 миллион теңге. Бесінші орын алған жүйрікке дейін жүлде беріледі.
Ал төл спортымыз қазақ күресінің жеңімпазы - 700 000 теңге қаржылай сыйлық алып, арнайы дипломмен, медальмен марапатталады. Үшінші орынға дейін жүлде бар.