Астанада қазақ тіліне дубляжданған көркем фильмге арналған алғашқы флешмоб өткізілді
АСТАНА. 26 мамыр. ҚазАқпарат - Елордадағы «Керуен» сауда орталығында кеше «Men in Black 3» туындысының қазақ тілді нұсқасы «Қара киімділер 3» фильміне арналған флешмоб өткізілді. Акцияның ұраны - «Өзіннең баста!».
Іс-шара фильмнің 24 мамыр күні еліміздің 20 қаласындағы 50 кинотеатрларында өткізілген премьерасына орай ұйымдастырылды. Әлемдік көрсетілімнен 1 күн бұрын, яғни 22 мамыр күні Қазақстанның зиялы қауымының өкілдерінің қатысуымен фильмнің алдын ала көрсетілімі өткізілген болатын.
Флешмобқа фильм кейіпкерлері секілді қара костюм, қара көзілдірік, қара галстук киген 60 шақты адам қатысты. Сауда орталығының қонақтары өзге ғаламшарлықты, өзге ғаламшарлықтармен күресетін агенттерді, «Men in black» саундтрегіне қойылған биді көре алды. Бұл өлең алғаш рет қазақ тілінде орындалды.
Сонымен қатар, акция шеңберінде сөзжұмбақ, фотосессиялар ұйымдастырылды.
«Қара киімділер 3» жобасының жүзеге асырылуына «Болашақ» қауымдастығы, «MARWIN» компаниясы және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры атсалысты.
«Болашақ» қауымдастығы мен «MARWIN» компаниясы үшін «Қара киімділер 3» мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арттыру мен голливудтық фильмдерді қазақ тіліне көркемдік дубляждауға бағытталған екінші жоба болмақ. Бұл бағыттағы жұмысқа Walt Disney студиясының 2011 жылы қазақ тіліне дубляжданған «Көліктер 2» («Cars 2») мультфильмі бастама болды.