Астанада «Қазақ тілінің ғаламтордағы жаңа кеңістігі» жобасының таныстырылымы өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада, ҚР Ұлттық акадекмиялық кітапханасында Қазақстан халқы тілдерінің ХVІІІ республикалық фестивалі аясында үстіміздегі жылғы 5 қыркүйекте Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасы бойынша әзірленген «Tilalemi.kz» порталының, «Atau.kz», «Emle.kz», «Termincom.kz» сайттарының тұсаукесер рәсімі өткізіледі, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеюіне, мәртебесінің көтерілуіне, тіл үйретудегі тиімді әдістердің бірігіп, игілікті жұмсалуына, әрбір оқырманның, қолданушының жеке парақшасы арқылы оңтайлы жұмыс жасауына жол ашуды мақсат еткен портал мен сайттар ғаламтордағы қазақ кеңістігінің құнды мұрасы болады деп күтілуде.
Тұсаукесерде тәуелсіздік мұраттарына сай атқарылып отырған ауқымды істің қолданылу тетігі туралы жан-жақты түсіндіріліп, жұртшылықтың тіл мәдениетін көтеру, қазақ ономастикасын біріздендіру, терминжасамдағы өзекті мәселелер төңірегінде ой өрбиді.
Мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отырған тұсаукесерге зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары, тілші ғалымдар, сала мамандары, бұқаралық ақпарат құралдарынның өкілдері қатысады.