Астанада қазақ зергерлерінің көрмесі ашылды

АСТАНА. Науырздың 22-сі. ҚазАқпарат /Сайлау Абылаев/ - Бүгін, наурыздың 22-сінде Астанадағы ҚР Президенттік мәдениет орталығында Қазақстан зергерлерінің «Күміс сыңғыры» атты көрмесі салтанатпен ашылды,

Астанада қазақ зергерлерінің көрмесі ашылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ол халқымыздың қолөнер шеберлерінің туындылары арқылы қолданбалы-сәндік өнердің қазіргі кездегі даму деңгейін көрсеткен айшықты мереке болды. Көрмеге алыс және жақын шетелдерде ұлттық өнер туындыларын насихаттап жүрген белгілі шеберлер қатысты. Солардың бірі Берік Әлібай ? ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті стипендиясының иегері, еліміздің тұңғыш Президентінің 1991 жылы ант қабылдау салтанатында таққан кемер белдігінің авторы. Оның еңбектері мұражайлар қорларында және жеке коллекцияларда, Түркия, Малайзия, Катар, АҚШ, Франция, Армения, Ресей сияқты елдерде сақтаулы тұр. Ал Амангелді Мұқажанов болса, «Орталық Азия қолөнер өнімдері үшін берілетін ЮНЕСКО-ның Сапа белгісі» сертификатының иегері, Серік Рысбеков «Орталық Азия мәдениетінің диалогы» өнер фестивалі көрмесіне қатысқан. Көрменің ашылуында орталық директоры, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Алдан Смайыл, БҰҰ-ның 50 жылдығына арналған Кореяда өткен халықаралық көрменің дипломанты Айжан Бекқұлова сөз сөйлеп, Наурыз мерекесіне орай ашылып отырған көрмеге «құтты болсын» айтысты. Көрмеге зергерлердің қолынан шыққан таза күмістен соғылған сақина, алқа, білезік, сырға сияқты әшекейлік жәдігерліктер, жүннен тоқылған суреттер қойылған. Көрме наурыздың 28-іне дейін жалғасады.