Астанада қазақша дубляждалған «Галактика сақшылары» фильмі көрсетілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада "Болашақ" қауымдастығы "Нұр Отан" партиясының қолдауымен қазақ тіліне аударылған Marvel студиясының "Галактика сақшылары" блокбастерінің алғашқы көрсетілімін ұйымдастырды. Фильм дубляжының бас демеушісі - "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ. Холдинг аппаратының жетекшісі Әнуарбек Сұлтанғазиннің айтуынша, дубляжға шамамен 9 млн. теңге бөлінген.
"Біздің холдинг осындай әлеуметтік жобаларға бұрыннан қолдау көрсетіп келеді. Фильмге дубляж жасауға демеушілік етуіміз біріншіден қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту болса, екіншіден дүниежүзі асыға күтетін, тәрбиелік маңызы зор осындай деңгейі жоғары фильмдерді дубляждаумен тұрақты түрде айналысып келе жатқан Болашақ қауымдастығына қолдау көрсету", - деп атап өтті ол. Айта кетейік, қазақ тілі "Галактика сақшылары" фильмінің кейіпкерлері сөйлеген әлемдегі ағылшын, француз, неміс, испан, португал, орыс және басқа да тілдердің қатарындағы 18-ші тіл болып отыр. "Галактика сақшылары" блокбастерінің бас кейіпкері - Жұлдызды Лордты осыған дейін де фильмдерді қазақ тіліне дубляждау жұмысына қатысып жүрген Тимур Пиязов дыбыстады. Ал "Малефисента" фильмі бойынша танымал болған Гүлназ Әуесбаева бас қаһармандардың бірі Гамораны дубляждады. Дубляждың режиссері кинематография саласындағы жас маман Тимур Балымбетов, ол үшін "Сақшылар" дубляж саласындағы алғашқы режиссерлік тәжірибе болды. Дубляж әдеттегідей "Синема Тон Продакшн" қазақстандық студиясында жасалды. Бұл Marvel, WaltDisney мен SonyPictures студияларының туындыларына дубляж жасауға ресми тіркелген студия. Фильмдегі әзілдер, кейіпкерлердің рөлін аша түсетін ұрымтал сөздер өте жоғары деңгейде аударылып, дыбысталған фильм көрерменнің көңілінен шығып, жоғары бағасын алды. Енді ол еліміздің кинотеатрларынан көрсетілетін болады.