Астанада қазақша КТК ойындарының «Чемпиондар лигасы» өтті
АСТАНА. Наурыздың 15-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Өткен сенбі, наурыздың 13-і күні Астанадағы КонгрессХолл сарайында, 2009 жылы өткен ойындарда жеңімпаз болған (КВН) қазақ тілді КТК командалары арасында «Чемпиондар лигасы - 2010» арнайы жобасы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл күнде жастардың қызығып ойнайтын, көпшіліктің тамсана тамашалайтын ойындарының бірі - қазақша КВН. «Қазір ірі қалалар мен ауылды елді-мекендерде өтетін сайыстарда бос орындар болмайды, бұл қазақша КТК халық арасында танымалдылыққа ие бола бастағанын көрсетеді», - дейді Қазақстан КТК Одағының редакторы Марат Досаев.
Чемпиондар лигасына қатысқан 10 команда Кіші және Үлкен Кубок үшін бақ таластырды. Дода екі кезеңнен тұрды - сәлемдесу және қысқа қалжындардан тұратын - жанбату сайысы. Жастар қоғам өміріндегі келелі мәселелерге қатысты тартымды да ұтымды қалжындармен қоса, ән мен биден шашу шашты. Атап айтқанда олар, нағыз тіл жанашырлары екенін, спортшылардың осы уақытқа дейінгі жетістіктерін мақтан етіп, алдағы 7-ші Қысқы Азия ойындарында үлкен үміт күтетінін, ЕҚЫҰ төрағалығына Қазақстан ел бірлігі мен үлкен еңбектің арқасында қол жеткізгенін айтты. Сондай-ақ ойыншылар қазақтың салт-дәстүрлері мен мақал-мәтелдерін барынша насихаттап, ел тәуелсіздігінің баянды болуы жастарға тікелей байланысты екенін жіті түсінетінін білдірді. Қазақ киностудиялары түсіріп жатқан моральдық тәрбиеге қайшы фильмдер де жастардың қалжыңға қосар тақырыптарын айналып өтпеді.
Қазылар алқасының төрағасы әнші, продюсер Қыдырәлі Болмановтың атап көрсеткеніндей, қазақша КТК ойындары мемлекеттік тілді дамытудың, оның жастар арасында қолданылу аясын кеңейтудің бірден-бір механизмі болып табылады.
Тартысты өткен ойынның нәтижесінде Кіші Кубокты 2009 жылғы республикалық Сарыарқа лигасының чемпиондары - «Тараз 2000» (Тараз қаласы) құрама командасы, ал Үлкен Кубокты өткен жылғы премьер-лига чемпиондары - «Сөз тимесін» (Шымкент қаласы) тобы жеңіп алды.