Астанада қазақша төбелестен ІІ әлем чемпионаты өтеді
АЛМАТЫ. 17 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгінде «Қазақша төбелес» спорты Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қарқынды даму үстінде.
Бұл жайлы оны қайта түлеткен белгілі режиссер әрі продюсер Еркін Ялғашев кеше Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтты.
«Күрес өнері - тұнып тұрған идеология. Ол адамды тәрбиелейді, жеке тұлға ретінде қалыптасуға үйретеді. Бұл - шынайы өнер. Көптеген шығыс елдерінің өзіндік жекпе-жек түрі бар. Жапондарда - каратэ, қытайларда - кун-фу, кәрістерде - таэквандо, қазақтарда - қазақша төбелес. Мен күрестің қазақша төбелес деп аталатын түрін қазақша күресті негізге ала отырып дамыттым. Бұл күрес түрлерінен тұратын жекпе-жек түрі. Бүгінде оны Америкада көптеген адам жақсы біледі. Мен қазақша төбелес бойынша Олег Тахтаров, Боло Йенг, Кунг Ли, Бэни Ургидэс сынды спортшылармен бір залда жаттықтым», - дейді бүгінгі таңда Голливудта жұмыс істейтін Е. Ялғашев. Оның айтуынша, қазан айының аяқ шенінде Астанада «Қазақша төбелестен» екінші әлем чемпионаты өтеді. Оған құрметті қонақ ретінде 10-нан астам голливуд жұлдызы шақырылған. Бұл чемпионаттың басты жаңалығы, онда Қазақстан намысын - «Айдаһар» атанған Дон Уилсон мен Оливер Грюнер қорғамақ. Сондай-ақ «Қазақша төбелестен» өтетін ІІ әлем чемпионатынан кейін халықаралық «Номад» кинофестивалі болмақ. Жалпы «Қазақша төбелестен» тұңғыш әлем біріншілігі 2000 жылы Лас-Вегаста өткен болатын.
«Мен алдағы уақытта да «Қазақша төбелесті» дамытқым келеді. Біздің қазақстандық жекпе-жек түрін, осы спортқа шоғырланған ұлттық идеямызды насихаттауға көпшілік қолдау көрсетеді деп үміттенемін. Біздің ержүрек бабаларымыз ұлан-байтақ қазақ жерін «Бес қарудың» күшімен қорғаса, ал бейбіт күндері әскери дайындығын шыңдай түсу үшін «Қазақша төбелес» өткізіп отырған», - дейді бұл іс-шараны қолдаушы «KIT Group» компаниясының президенті, «Khazar Pictures» кино компаниясының бас продюсері Дәурен Мұса.