Астанада «Қазақстан Аруы-2015» байқауы өтіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақстан Аруы-2015» 19-шы республикалық байқауының қорытынды шарасы өтуде.
Байқауға Қазақстанның әр облысынан 30 үміткер қатысуда. Байқауға қатысып отырғандардың ішінде журналист, халықаралық заңгер сынды мамандық иелері бар. Тіпті мектеп оқушылары да бақтарын сынай келген.
«Қазақстан Аруы-2015» жеңімпазына 5 миллион теңге сыйлықпен қатар этностильдегі қыз жасауы тарту етілмек. Қазақтың дәстүрлі қыз жасауы «Алтын орда» авторлық дизайн үйі шеберлерінің қолымен жасалған. Салтанатты жиынтыққа «Махаббат көрпесі», сандықтар, «Бедерлі өрнектер» шал жастығы, қолдан тігілген жастықтар, сондай-ақ дәстүрлі дастарқан кіреді. Осының барлығын ұлттық дәстүрді ұрпақтан ұрпаққа дәріптеуді мақсат тұтып отырған этно-дизайнер Ырза Тұрсынзада жасап отыр.
Байқаудың әділ әрі ашық өтуі үшін еліміздің ең сұлу аруын қазақстандықтар онлайн және СМС дауыс беру арқылы таңдай алады. Айта кету керек, алдымен ең үздік үштікті қазылар алқасы анықтайды.
Қазылар алқасына тағайындалған адамдардың ішінде еліміздің танымал әрі құрметті азаматтары: Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева, «Астана» футбол клубының бас менеджері Қайсар Бекенов, ғарышкер Айдын Айымбетов және актриса Әсел Сағатова бар.
Сонымен бірге қазылар қатарына «Милосердие» қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин, велошабандоз Александр Винокуров, «Астана Жастары» жастар орталығының басшысы Әнуар Нұпейісов, «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің этно-дизайнері Ырза Тұрсынзада және «Қазақстан Аруы» байқауының президенті Алена Ривлина-Кырбасова кіріп отыр.
2015 жылы ұйымдастырушылар байқауда нағыз шоу болады деп уәде беруде. Бас режиссер ретінде жас актер әрі режиссер Максим Акбаров таңдалыпты.
Байқаудың салтанатты рәсімін танымал тележүргізуші Динара Сатжан мен жас актер Тәуекел Мүсілім жүргізеді.
«Қазақстан Аруы-2015» байқауының финалын «НТК» телеарнасы 20.00 сағатта тікелей эфирде көрсетеді.