Астанада «Қазақстан дауысы» жобасына іріктеу өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең Астанада Абай даңғылы, 47 мекенжайы бойынша «Ramada plaza» қонақ үйінің ғимаратында «Қазақстан дауысы» музыкалық жобасының 2-маусымына іріктеу өтеді.
Жобаға 18 бен 50 жас аралығындағы орындаушылар қатыса алады. Тілек білдірушілер өзімен жеке куәлігін ала келуі тиіс. Медеу Арынбаев, Нұрлан Албан, Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев сынды танымал жұлдыздары төрт команда құрайтын болады. Финалға дейінгі әрбір кезеңде үміткерлер кәсіби команда тәлімгерінен сабақ алады. Ақтық сынға төрт қатысушы ғана өтеді. Ал жеңімпаздарды халық SMS-дауыс беру арқылы анықтайтын болады.
Еске салайық, аталған жобаның бірінші маусымы өткен жылы өткізілді. «Қазақстан д ауысы» 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең - барлық қатысушыларды тыңдау арқылы қазылардың алқасы өз тобын құрады. Екінші кезеңде әр түрлі топтардың мүшелерінен құралған жұптық сайыс өткізіледі. Ал соңғы кезеңде жеңімпаздарды халық дауыс беру арқылы анықтайды. Байқау жеңімпазы әлемге әйгілі «Universal» дыбыс жазу студиясымен келісімшартқа отыру мүмкіндіне және 5 миллион теңге қаржылай сыйақыға ие болады.