Астанада Қазақстан халқының бірлігі күніне орай қандай іс-шаралар өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Астана тұрғындары мен қонақтарына арнап фестивальдер, концерттер, жәрмеңкелер, спорттық және отбасылық іс-шаралар өтеді. Барлығы 60-қа жуық іс-шара жоспарланып отыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Астанада Қазақстан халқының бірлігі күніне орай қандай іс-шаралар өтеді
Фото: Астана әкімдігі

Негізгі мерекелік іс-шаралар 1 мамыр күні өтеді. Бұл күні Достық үйі алаңында «Қазақстан — бірлік мекені» фестивалі ұйымдастырылады. Қонақтарға ұлттық тағамдар, қолөнер көрмелері, шеберлік сағаттары мен концерттік бағдарлама ұсынылады.

Қаланың бірнеше танымал орындарында концерттік бағдарламалар өтеді:

  • «Жетісу» саябағында,
  • Есіл өзені жағалауындағы Арбат аумағында,
  • «Жастар» сарайында.

Сағат 12:00–де Қалалық алаңда Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры әртістерінің қатысуымен мерекелік концерт өтеді.

Спортсүйер қауым үшін Триатлон паркінде жазғы маусымның ашылуы өтеді. Бағдарламада 5 шақырымдық жаппай жүгіру, 400 метрлік балалар жарысы, скандинавиялық жүріс, сондай-ақ футбол, волейбол және баскетбол (5×5) спорт түрлерінен командалық турнирлер бар.

Новое современное общественное пространство открыли под мостом в Триатлон парке Астаны
Фото: Астана әкімлігі

Сонымен қатар, ашық жаттығулар (йога, street workout, жекпе-жек өнері) мен жеке күш сынасу жарыстары ұйымдастырылады.

Бұл күні «Жерұйық» саябағында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, ал «Жағалау-3» тұрғын үй кешенінде шахмат турнирі өтеді.

Мереке қарсаңында, яғни 30 сәуір күні елордада бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырылады. Олардың бірі — Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында өтетін «Достық керуені» этнофестивалі. Бағдарлама аясында этнографиялық көрмелер, ұлттық қолөнерден шеберлік сағаттары, достық шеруі және концерт ұйымдастырылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев №2 Оқушылар сарайын аралап көрді
Фото: Ақорда

Байқоңыр ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында абаттандырылған жаңа аулалар ашылады. Мұнда тұрғындардың қатысуымен «Аула күні» форматындағы мерекелік іс-шара ұйымдастырылады.

30 сәуір күні ЭКСПО аумағында мемлекеттік тумен патриоттық акция өтеді. Іс-шараға жастар мен этномәдени бірлестіктер қатысып, ұлттық бірліктің маңызын дәріптейді.

Две тысячи школьников одновременно исполнили кюй на площади EXPO в Астане
Фото: Астана әкімдігі

Сол күні Сарайшық ауданында «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында экологиялық іс-шара ұйымдастырылады.

«Жанұя» орталығында «Бейбітшілік — ел тілегі», «Қамқор» орталығында «Бірлік болған жерде, біз жеңілмейміз» атты іс-шаралар өтеді. Ал Достық үйінде «Мәміле» пікірталас клубының отырысы және «Халық Конституциясы — бірлік пен дамудың келешегі» атты конференция ұйымдастырылады.

Сондай-ақ Баршын көшесі, 30/2 мекенжайындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде үстел теннисінен жарыстар өтеді. Байқоңыр ауданында тоғызқұмалақ, асық ату және армрестлинг спорт түрлерінен жарыстар өтеді.

Астанада турнир өтеді
Фото: ҰОК

Мерекелік іс-шаралар 2-3 мамыр күндері де жалғасады. Бұл күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері (оның ішінде «Keryen Joly» СОО аумағында), сауда-ойын-сауық орталықтарындағы концерттер және «Қазақстан — бірлік пен татулықтың мекені» атты дөңгелек үстел өтеді.

Іс-шаралардың бәрі қоғамдық келісімді нығайтуға, этносаралық өзара іс-қимылды дамытуға және бірлікті насихаттауға бағытталған.

Бұған дейін Шымкентте мерекелік бір реттік әлеуметтік көмек кімдерге берілетінін жазғанбыз.