Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы салтанатты түрде ашылды (ФОТОРЕПОРТАЖ)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуына арналған салтанатты іс-шара басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Салтанатты шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков, Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин, ҚХА Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, ҚР Парламенті депутаттары, ҚХА мүшелері, танымал қоғам қайраткерлері, ғылыми, шығармашылық зиялылар қауымы, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік ұйымдар өкілдері, Олимпиада чемпиондары және жастар қатысуда.
Іс-шара Бейбітшілік және келісім сарайы алдындағы алаңда Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының Туын көтеру рәсімімен және "Жастар қоғамдық келісімді қолдайды" атты флеш-моб өткізумен басталды. Осыдан кейін этномәдени бірлестіктердің қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, "ҚХА - 20 ізгі іс" атты эстафетаның символы Түркістан қаласынан әкелінген қасиетті "Тайқазан" Астана қаласының әкіміне табыс етілді. Енді ол еліміздің барлық өңірлерін аралап, ҚХА ХХІІ сессиясының ашылуы қарсаңында ізгі істерге "толтырылып", Астанаға қайта оралады. Өз кезегінде Ә. Жақсыбеков қасиетті тайқазанды Ақмола облысының әкімі С. Кулагинге табыс етті.