Астанада Қазақстан халқы тілдері фестивалінің салтанатты жабылуы өтеді
АСТАНА. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астанада, 20 қыркүйекте К. Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында Қазақстан халқы тілдері фестивалінің салтанатты жабылуы өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Тілдерді дамыту басқармасынан хабарлады.
Еске салайық, фестиваль 28 тамызда басталды. Бірнеше апта бойы Тіл фестивалі аясында түрлі шаралар ұйымдастырылды. №4 мектеп базасында «Тіл - халық жанын танудың кілті» атты қалалық байқау, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ тілін оқытудың жаңа технологияларына арналған инновациялар күні атап өтілді.
Бұдан басқа, қалада Қазақстан халқы тілдері күніне арналған байқаулар, кездесулер, кештер мен олимпиадалар өткізілді. Мереке аясындағы іс-шаралар жалғасуда. Бүгін елордада «Үздік әлеуметтік жарнама» байқауы, ал ертең, 19 қыркүйекте мемлекеттік қызметшілер арасында «Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте» қалалық шығармашылық сайысы ұйымдастырылады.
20 қыркүйекте К. Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында Қазақстан халқы тілдері фестивалінің салтанатты жабылуында барлық байқаулар мен концерттік бағдарламалардағы үздік нөмірлер орындалады. Сондай-ақ, отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.