Астанада Қазақстан халқының бірлігі күні меркесіне арналған концерт өтуде
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін күні бойы алаңда арнайы жасалған сахна төрінде концерттік бағдарлама қойылады. Концерттік бағдарлама «Салтанат» мемлекеттік би театры, «Терра», «Дилижанс», «Бахар» би ансамбльдерінің және Ұлттық мәдениет орталықтарының би ұжымдарының қатысуымен «Өрнегі достығымен жарасқан кілем» атты музыкалық-хореографиялық қойылыммен ашылды. Халықтың танымал әндеріне би билеген әдемі, бояуы қанық этникалық киімдер киген әртістер мен шығармашылық ұжымдардың көрінісінен мыңдаған астаналықтар мен қала қонақтары Қазақстан халқының бай мәдени бояуын бейнелеген жарасымды достығын тамашалуда.
Концерттік бағдарлама аясында көрермендер Астана қаласының филармониясы халық аспаптары оркестрінің орындауындағы Тәттімбеттің «Сары жайлауын», Қайрат Байбосынов, Роза Рымбаева, Қарақат Әбілдина және басқа да өнер майталмандарының өнерлерін тамашалуда. Алаңда мерекелік сауда орындары, тағамдар жәрмеңкесі, балаларға арналған ойын алаңдары құрылған. Бұл күні елорданың өзге де алаңдарында мерекеге арналған іс-шаралар өтуде.