Астанада Қазақстан мен Қырғыз Республикасының энергетика жүйесін тұрақты қамтамасыз ету мәселесі талқыланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Қырғыз Республикасының Вице-премьер-министрі Олег Панкратов бастаған делегациясымен келіссөздер жүргізді, деп хабарлады Pm.kz.
Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастың, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы байланыстың түрлі мәселелері қаралды.
Тараптар сауда-экономикалық серіктестік аспектілерін, екі елдің энергетика жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Көлік-жол саласына қатысты тараптар автокөлік және теміржол байланысын дамытуға күш салуға уағдаласты.
Одан бөлек Б. Сағынтаев пен О. Панкратов фитосанитарлық талаптарды сақтай отырып өзара тасымалданатын ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемін арттыру мүмкіндіктерін, су жеткізу, көші-қон, ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы серіктестік мәселелерін қарастырды.
Келіссөздер барысында тараптар тауарлар мен қызметтер, көлік-жол, энергетика, туризм сынды салаларда екі елдің өзара байланысын нығайтуға ниетті екендіктерін білдірді.