Астанада Қазақстан нейрохирургтерінің I съезі өтуде
АНА. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Астанадағы Медициналық университетте Қазақстан нейрохирургтерінің I съезі өз жұмысын бастады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отандық және шетелдік нейрохирург-ғалымдардың қатысуымен өтіп жатқан мәжілісте нейроонкология, қан-тамыры нейрохирургиясы, неврология мен биомедициналық этика саласындағы өзекті мәселелер талқылануда. Съезд аясында шет елдің белгілі ғалымдары аса ауыр операцияларды жасау бойынша шеберлік сабақтарын өткізуді жоспарлап отыр.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтың айтуынша, съезді өткізудің басты мақсаты - бүгінгі еліміздің нейрохирургия саласының даму деңгейін саралау және өзге елдердің іс-тәжірибесімен өзара алмасу. «Бұл, сөз жоқ, Қазақстанның нейрохирургиясының әрі қарай дамуына жол ашады», - дейді Ж.Досқалиев.
Айта кетейік, екікүндік съезд жұмысына Қазақстан, Ресей, АҚШ, Германия, Израиль, Швейцария және тағы басқа 14 елдің ғалымдары қатысуда.