Астанада «Қазақстан Республикасының Конституциясы - тұрақтылық, келісім, өрлеу» атты тақырыпта деректі көрме өтуде
АНА. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанадағы «Ұлттық мұрағат» мемлекеттік мекемесінің ғимаратында «Қазақстан Республикасының Конституциясы - тұрақтылық, келісім, өрлеу» атты тақырыпта деректі көрме ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш шара 30-шы тамыз - Конституция күні мерекесіне арналып отыр. Осыған орай бұл жиынға ұлттық мұрағат қызметкерлерімен бірге еліміздің заңгер мамандары мен қоғам қайраткерлері, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері қатысты. Шара барысында олар көрмеге қойылған құжаттармен танысып, жиынға шақырылған арнайы қонақтардың Конституция мерекесіне қатысты жасаған баяндамаларын тыңдады. Сонымен қатар онда Конституция тарихына байланысты көптеген естелік әңгімелер айтылды. Көрмеге Конституция тарихымен байланысты көптеген материалдар, тарихи кітаптар Ата заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қатысты шыққан түрлі құжаттар қойылған. Жиынның ашылу рәсімінде сөйлеген «Ұлттық мұрағат» мемлекеттік мекемесінің Бас директоры Ырысты Сариева: «Ата заңымыздың қабылдануы тәуелсіз Қазақстан тарихында маңызды әрі шешуші оқиға болды. Ол қазақ мемлекеті тарихының жаңа бетін ашты. Сол үшін де Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен дайындалған Конституция тарихи маңызы бар құжат. Ол еліміздің осы уақытқа дейінгі әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуының негізі болды. Біздің Конституциямыз - біздің таңдауымыз. Сондықтан оны әрдайым құрметтеуіміз қажет. Бүгінгі көрмені ұйымдастырудағы басты мақсат та осы себептен туындап отыр. Конституция талаптары бойынша өмір сүру демократияның ең жоғарғы мектебі. Оны игеру үшін бүгінгідей шаралардың маңызы аса зор деп білемін», деді.
Жиын барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты мен Мемлекет тарихы институты арасында бірлесіп қызмет ету жөнінде келісімге қол қойылды.