Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда күні қарсаңында Астанада, 2 шілдеде еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиға - Қазақстан Республикасының ұлттық музейінің ашылу салтанаты өтеді.

Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ашылады

Музейдің баспасөз баянында хабарланғандай, «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі» республикалық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 30 мамырдағы Жарлығымен құрылған болатын.

Бұл - Орталық Азияда баламасы жоқ бірегей жоба. Көлемі 74 мың шаршы метрден асатын Ұлттық музейге Қазақстанның ерте ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі археологиялық, этнографиялық жәдігерлері мен мәдени ескерткіштері жинақталған. Ұлттық музейдің құрамында Астана, Тәуелсіз Қазақстан, Алтын, Ежелгі және ортағасыр тарихы, Этнография, Тарих, Заманауи өнер залдары бар.

Музей халықаралық стандарттарға сай жабдықтармен жарақтандырылған. Экспозициялар үшін заманауи көрме технологиялары: бірегей иілгіш экран, медиа-еден, қазіргі Астананың орталық бөлігінің серпінді макеті, көптеген медиаэкрандар, голограммалар, диодты жарығы бар LED-техника, сенсорлы дүңгіршектер, мультимедиалық жолсерік қолданылады.

Жеті залда ұсынылатын негізгі экспозициялардан бөлек Ұлттық музей әріптестерінің де көрмелері ашылады: «Орталық Азия мен Кавказдағы дәстүрлі тоқыма - Ұлы Жібек жолының мұрасы » (РЭМ, Санкт-Петербург қ.); «Орыс көркемсурет өнерінің 4 ғасыры» («РОСИЗО» Мәскеу қ.); «Ұлттық дәстүр және әлемге ашықтық» (Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы); сондай-ақ Қазақстан Республикасы қолөнершілерінің жәрмеңкесі, «19-20 ғасырлар тоғысындағы қазақтар» мұрағат суреттерінің көрмесі, Венгрия суретшісі Джудит Покс пен Ресей суретшісі Яна Волкованың киізден жасаған жұмыстарының фотокөрмесі, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Сәуле Бапанованың «Сейхун толқындары» атты киізден жасалған киімдері жиынтығының көрсетілімі (Қазақстан қолөнершілерінің одағы).

Іс-шараға қатысуға Қазақстан музейлерінің және Ресей, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия сынды шетел музейлерінің басшылары шақырылды.