Астанада «Қазақстан студенттерінің альянсы» аймақтық көшбасшыларының слеті өтуде
«Қазақстан студенттерінің альянсы» ұйымының республикалық көшбасшысы Шыңғыс Бескемпіровтың айтуынша, екі күнге межеленген шараның негізгі тақырыбы Батыс Қазақстан облысында орын алған су тасқыны апатынан зардап шеккен аудандарға және тұрғындарға көмек көрсету мәселесі болмақ.
Слет жұмысына еліміздің 24 қаласынан келген аймақтық ҚСА жетекшілері мен белсенді жастары қатысуда. Бүгінгі таңда ҚСА Батыс Қазақстан облысындағы жағдайға орай арнайы штаб құрған. Олар барлық студенттерді жұмылдырып, «Нұр Отан» ХДП-нің «Жас Отан» жастар қанатының бастамасымен көтерілген «Жастар Отанға» республикалық жастар акциясының аясында зардап шеккен тұрғындарға алғашқы көмек заттарын жинап, БҚО аудандарына жолдауда. «Жігіттер өздерінің еріктерімен көмектерін ұсынды. Бұл мәрттік - жас қазақстандықтар үшін лайықты мысал болмақ. Бұл елдің тағдырына, қазақстандықтардың тағдырына жастардың селқос қарамайтынын көрсетеді», - деді Ш. Бескемпіров.
Бүгін шараның алғашқы жұмыс күнінде Қазақ ұлттық өнер университетінде ҚСА делегаттарының еліміздің саясат және мәдениет қайраткерлерімен «20 жыл тоғысында» атты тақырыпта кездесу ұйымдастырылды. Ашық сұхбат алаңында Қазақстанның мемлекеттік қайраткерлер мен мәдениет саласындағы белгілі тұлғалар өздерінің өмірлік және кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.
Слет барысында «Қазақстан студенттерінің альянсы» республикалық қозғалысының жұмыс жоспары талқыланбақ. Онда ұйымның 2011-2012 жылдарға арналған стратегиялық жоспары сараланады. «Слет кезінде біз еліміздің 20 жылдық тәуелсіздігін мерекелеуге арналған іс-шараларға жіті тоқталамыз. Себебі бұл Қазақстанның ең елеулі де мерейлі мерекесі. Біздің ҚСА қатарында еліміздің Тәуелсіздігімен құрдас жастар көп»,-дейді Ш. Бескемпіров.
Қазіргі уақытта республикалық қоғалыс 149 ЖОО-ның студенттерін бір шаңырақ астында жұмылдырып отырған елдегі ірі студенттік ұйым болып табылады.