Астанада Қазақстан судьяларының V съезі өтеді

 АСТАНА.  Қарашаның  10-ы.  ҚазАқпарат /Мұратбек  Мақұлбеков/ -  Қарашаның 18-і күні  Астандағы Тәуелсіздік сарайында  өтетін  Қазақстан Республикасы судьяларының V съезіне 700-ден астам делегат  қатысады.

Астанада    Қазақстан  судьяларының   V съезі  өтеді

 Бұл туралы  Жоғарғы  соттың баспасөз қызметінен  хабарлады.

Форумға делегаттар еліміздің барлық аймақтарынан, сонымен қатар  республикалық орталық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, заңгерлер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, шетелдік қонақтар болады.

 Съездің күн тәртібінде судьялардың берілген міндеттерді орындауы жөніндегі жұмыс қорытындысы, жүргізілген сот реформасының нәтижесін және белгіленген жаңа міндеттерді талқылайды. Бұдан басқа съезде құқықтық сот реформасын жүзеге асырудағы судьялар бірлестігінің қоғамдық рөлі және заңнамаларды жетілдіру, сондай-ақ судья әдебін сақтаудың нормасы, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуден сақтандыруға қатысты проблемалар қарастырылады.

Сондай-ақ судьяларды кәсіби біліктілік тұрғысынан дайындау мәселесі, олардың әлеуметтік кепілдіктерін және судьяларды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету мәселелері де талқыланады.