Астанада Қазақстан-Татарстан бизнес форумы өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Форум жұмысына ІТ индустрия, машина жасау, авиациялық, химиялық және басқа да өнеркәсіп салаларындағы Қазақстан және Татарстан бизнес өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада Қазақстан-Татарстан бизнес форумы өтті

Форумда екі ел арасындағы экспорт мүмкіндіктерін арттыру мен экономиканың түрлі саласын бірігіп дамыту мәселелері қаралды.

«Бизнес форумға Татарстан тарапынан 20-дан астам компания өкілдері қатысты, оның ішінде белгілі «Татарнефть», «РАРИТЭК Холдинг» АҚ, «КАМАЗ», «Қазан тікұшақ зауыты» және т.б. ұйымдар бар. Қазақстан тарапынан «Қазмұнайгаз», «Kazakh Invest» ҰК, «ҚазТрансОйл» АҚ, ҚР Қорғаныс министрлігі сол сияқты 80-ге жуық ұйым өкілдері қатысуда.

«Татарстан Ресей Федерациясының экономикасындағы басты күретамыр болып есептеледі. Жақында Елбасы Н.Назарбаев Қазан қаласында сапармен болды, бұл өз кезегінде өзара ынтымақтасты арттырудың дәлелі. Екі ел арасындағы саудаға келсек 2017 жылдың нәтижесінде сауда айнылымы 1,7 есеге өсіп, 702,9 млн-нан аса АҚШ долларын құрады, ал 2016 жылы 425,3 млн АҚШ долларын құраған болатын», - деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар, министр Қазақстан мен Татарстан арасындағы басты жүзеге асырылып жатқан жобалар ретінде мұнай-химия, жеңіл және қорғаныс өнеркәсібі, телекоммуникация, машина жасау салаларын атап өтті.

Бүгінде екі ел арасында транспорт саласында бір жолға қойылғанын айта кету керек, яғни Астана, Алматы және Қазан қалалары арасында тұрақты әуе рейстері қамтылған. Бұдан бөлек 2017 жылы Алматыдан Қазанға теміржол тартылды.

Форум нәтижесінде осы жылдың соңына дейін Қазан қаласында екіжақты сауда миссиясын ұйымдастыру және келесі жылы Татарстанда Қазақстанның сауда өкілеттігін ашу жоспарлары бекітілді.