11:18, 05 Ақпан 2009 | GMT +5
Астанада «Қазақстан темір жолы» компаниясының елордалық өндірушілермен кеңесі өтті
АСТАНА. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат – Ақпанның 4-і күні Астанада «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы мен оның еншілес кәсіпорындарының тауарлық -материалдық құндылықтарды сатып алуда отандық өнім өндірушілердің үлес салмағын арттыру мәселесіне арналған мәжілісі өтті.

Кеңеске компанияның қамтамасыз ету жөніндегі вице-президенті Ерік Сұлтанов және теміржол машинақұрылысы саласына маманданған елордалық 17 кәсіпорын өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат «ҚТЖ» компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Компания вице-президенті жиналғандарды Ұлттық компанияда 2009-2011 жылдарға арналған акционерлік қоғам мен оның еншілес кәсіпорындары үшін тауарлық-материалдық құндылықтарды сатып алуда қазақстандық кәсіпорындардың үлес салмағын көбейту жөніндегі Бағдарламасымен таныстырды. - Бүгінгі таңда теміржол машина құрылысына қажетті өнім түрлері он мыңға жуықтайды. Оның 22 пайызы ғана отандық компаниялардың үлесінде. Осы Бағдарламаны жүзеге асыру барысында қазақстандық өнім өндірушілердің үлесін елу пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бұған жетісу үшін бізге тиісті сызбалар мен техникалық құжаттамалар қажет. Осы кезге дейін мұнымен ешкім айналысқан емес. Ақпараттық технология мен трансферттер жөніндегі Орталық жанынан "Трансмаш" конструкторлық бюросы ашылып, өнім өндірушілермен бірігіп, конструкциялық құжаттарды жасақтауға кірісті,-деп атап өтті Ерік Сұлтанов өз сөзінде. Тараптар аталмыш кәсіпорындардың өкілдерімен қай өнім түрлері бойынша басымдық беріліп отырғандығын талқылады. Оның сыртында ұлттық компания теміржол машина құрылысы саласын дамытуда төрт басым бағыттағы жобаларды көрсетті. Олар Астанада локомотив құрастыру зауытын салу, "Алматы вагон жөндеу зауыты" АҚ негізінде жолаушылар вагондары өндірісін ашу, Атбасар қаласында электровоз жасау, Екібастұзда жүк вагондарын шығаратын зауыт тұрғызу жоспарлануда. Кеңесте сондай-ақ ҚР Индустрия және сауда министрлігінің стандарттау және метрология комитетінің сапалық сертификаттауынан өту міндеттілігі сұралды. Және кәсіпорын өкілдері "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры бекіткен сатып алудың Бірыңғай ережесімен таныстырылды. Оның басты оңтайлы мүмкіндігін ыңғайлап, тендерлік уақытты 60 күннен 20 күнге дейін төмендетуі басты жаңалығы болып отыр. Бұл жөніндегі толық ақпараттарды "ҚТЖ" ҰК" АҚ және еншілес кәсіпорындарының ресми сайттарынан алуға болады.