Астанада Қазақстан ұлттық (этникалық) театрларының фестивалі өтті

Оған еліміздің барлық этникалық театрлары қатысты. Фестиваль республика аумағында тұратын барлық этнос өкілдерінің өнерін насихаттап, халықтар достастығының өміршеңдігін көрсетуді көздейді. Аталмыш шараның басты мақсаты мәдени және тілдік алуантүрлілікті сақтау, этностар мәдениетінің өзара толысуы, елдегі этникааралық келісімді нығайту және Қазақстан халқының бай мәдениетін одан әрі дамыту болып табылады.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде тұрақты өмір сүріп жатқан 125 ұлт пен ұлыс бар. Ал, оның ішінде адам саны көп 7 этносқа қазақ, орыс, өзбек, украин, ұйғыр, татар және немістер жатады.
Ұлттық мәдени фестиваль дегеніміз - Қазақстанда тұратын немесе еңбек қызметімен жүрген әр ұлт өкілдерінің ішінен заманауи таланттар шоғырын көруге мүмкіндік беретін айрықша оқиға. Ал олар үшін фестиваль өзінің шығармашылық қызметін белгілі бір деңгейде қорытындылау мүмкіндігі. Фестивальге келген әрбір көрермен үшін де бұл шара мәдени, этносаралық қатынас тарапынан ерекше. Бұл - өзге халық мәдениетіне жақындай түсу, еліміздің әр азаматының жеке маңыздылығы мен қажеттілігін сезіну мүмкіндігі.
Сондай-ақ, кез-келген фестиваль - актерлер мен режиссерлер үшін даму, шығармашылық деңгейін шыңдай түсу, тәжірибе алмасу алаңы. Ол елдің тілдік және мәдени көптүрлілігін сақтауға, бір-бірін мәдени толықтыруға, Қазақстан халықтарының мәдениаралық сұхбатының одан әрі дамуына ықпал етері сөзсіз.
Айта кетейік, фестиваль аясында «Үздік спектакль», «Үздік режиссерлік жұмыс», «Үздік әйел ролі», «Үздік ер адам ролі», «Үздік сценография», «Екінші пландағы үздік әйел ролі», «Екінші пландағы үздік ер адам ролі», «Үздік ұлттық драматургия» номинациялары бойынша Талғат Теменов бастаған әділ-қазілар шешімімен театр саласындағы үздіктер анықталды.
Фестиваль шымылдығын көтеретін алғашқы қойылым Елорадағы Оқушылар сарайында өткен болатын. Бұнда Ақмола облыстық орыс драма театры көрерменнің сүйікті спектакліне айналған, орыс халқының белгілі жазушысы және талантты драматургі Александр Островскийдің "Бесприданница атты шығармасының желісінен алынған «Жасаусыз қалыңдық» атты караоке-мелодрамасын ұсынды. Режиссері - якутиялық Сергей Потапов.
Сергей Потапов - "Алтын перде" театрлық сыйақысының лауреаты. Оның шығармашылығы Ресеймен, қоса Қазақстанға да жете таныс. Бүгінгі таңда режиссердің бастамасымен елімізде 4 спектакль көрермен назарына ұсынылуда.
Сондай-ақ, Қазақстан ұлттық (этникалық) театрларының IV Республикалық фестиваліне Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры, Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры, Республикалық академиялық неміс драма театры, Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек драма театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, , Астана Жастар театрлары қатысты.
Бір апта бойы Астана қаласының қонақтары мен тұрғындары Л.Толстой, И.В. Гёте, А. Кекилбаев, А.Островский, Л. Соловьев сынды классиктердің қойылымдарымен танысты.
Фестивальдің салтанатты жабылуы 12 шілде күні Оқушылар сарайының сахнасында өтті.
Айта кетейік, IV Республикалық Фестиваль Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстан театрлары ассосациясының қолдауымен өтті. Фестиваль қойылымдары Оқушылар сарайы мен М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры сахналарында көрсетілді.