Астанада «Қазақстандағы жалпыға бірдей ақпаратқа қолжетімділік» атты атты халықаралық конференция өтуде
АСТАНА. Қарашаның 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астанада «Қазақстандағы жалпыға бірдей ақпаратқа қолжетімділік» атты халықаралық конференция өтуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш шараны Әділет министрлігі ЮНЕСКО-ның қолдауымен ұйымдастырып отыр. Конференцияның мақсаты ақпаратқа қолжетімділік мәселесіне арналған заң жобасының басты идеялары жөнінде пікір алмасып, құжатты дайындаушыларға тиісті ақыл-кеңестер мен ақпараттар беру болып отыр. Осыған қарай жиын барысында аталмыш мәселелер жөнінде Парламент депутаттары мен мемлекеттік органдардың және халықаралық ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері арнайы баяндамалар жасайды.
Отырыс барысында күн тәртібіндегі мәселе жөнінде сөз қозғаған әділет вице-министрі Марат Бекетаевтың сөзіне қарағанда, жалпыға бірдей ақпаратқа қолжетімділікке еліміздегі ұлттық заңнамалар кепілдік бере алады. Соған қарамастан мемлекеттік және заңмен қорғалатын бірқатар құпиялардан өзге ақпараттардың барлығы көпшілікке қолжетімді болуы тиіс. «Қазіргі таңда әлемде желілік негізде ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін түрлі бағдарламалар кеңінен тарай бастады. Олар азаматтардың бір-бірімен байланысуына да мемлекеттік органдардың да өзара мәліметтермен бөлісуіне мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасында бұл үдеріс «Электрондық үкімет» жобасын жүзеге асыру шараларынан көрініп отыр. Осы арқылы мемлекеттік және өзге де органдардың басшылары азаматтармен тікелей байланысқа шығу мүмкіндігіне ие болып отыр. Мемлекеттік органдардың ақпараттық сайттары да ашылды. Электронды жолмен құжат алмасу шаралары жолға қойылды. Осының барлығы да елдегі қолжетімділікті қамтамасыз ететін арнайы заңның болуын қажет етіп отыр», деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, жалпыға бірдей ақпаратқа қолжетімділік мәселесін қамтамасыз ететін заң жобасын дайындау шаралары сәтімен жүзеге асырылса, ол келесі жылы Парламенттің қарауына енгізілмек.