Астанада қазақстандық гинеколог дәрігерлер үшін жатыр хирургиясына арналған халықаралық шеберлік сабақ өтті
АСТАНА. Сәуірдің 5-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында (АБҰҒО) Эндоскопиялық хирургия халықаралық орталығының басшысы Реваз Бочоришвили (Франция қаласы) «Жатыр хирургиясы» тақырыбында шеберлік сабақ өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Р. Бочоришвили Қазақстанның барлық өңірінен жиналған гинеколог дәрігерлердің назарына жатыр миомасын емдеуде халықаралық тәжірибеде қолданылатын - лапораскопиялық миомэктомия, гистерэктомия, гистерорезектоскопия және жатыр артерияларын эмболизациялау тәсілдері туралы айтып берді. Шеберлік сабақ барысында сондай-ақ операциялық блокта АБҰҒО-ның жетекші мамандары жасап жатқан отаның тікелей трансляциясы көрсетілді.
Бүгінгі күні жатыр миомасы әйелдерде кең тараған қатерлі емес ісік түрлерінің бірі. Бірақ бұл ауруды емдеу сол күйінде күрделі және үнемі жаңа әдістерді зерттеуді қажет етеді. Жатыр миомасы 30 жастан асқан әйелдердің 75 пайызында анықталады және олардың саны жыл санап артып келеді.
АБҰҒО медициналық директорының акушерлік және гинекология жөніндегі орынбасары Талшын Үкібасованың айтуынша, 2009 жылы Орталықтың гинекология бөлімі 2 мыңға жуық әйелге ота жасаса, оның 60-65 пайызы жатыр миомасына жасалған. Олардың ең жасы - 20-да болған. Бүгінгі күні жатырдың қатерлі емес ісігінің пайда болу себептерін ешбір дәрігер дөп басып айта алмайды. Миома көп жағдайда гармоналдық қызметтердің бұзылуынан, стрестік жағдайлар мен қорғаныш тапшылығының азаюынан болады деп болжанады. «Жатыр миомасы жатырдың өзінің ауруы емес, ол ағзада болған кешендік өзгерістің салдарынан туындайтын кесел», - дейді Т.Үкібасова.
Айта кетейік, Р. Бочоришвили ұсынып отырған эндоскопиялық әдістер, оның ішінде лапароскопия және гистероскопия АБҰҒО-да медициналық мекеме ашылған күннен бастап қолданылып келеді.
«Қазір эндескопиялық құрылғылар облыстық және аудандық орталықтарда да бар. Бүгінгі дәрістің мақсаты - АБҰҒО-ның және халықаралық тәжірибелердің негізінде бұл тәсілдің кеңінен қолданылуын насихаттау. Себебі ішке тілік жасау арқылы миоманы немесе бала көтеретін органдарды алып тастау ескі әдістер болып табылады», - дейді ол.
Лапароскопия және гистероскопия - әйелдерді бала табу мүмкіндіктерінен айырмайтын, жатыр қуысына аз әсер ететін қансыз оталар. «Үлкен оталардың өзінде науқас 10-15 мл. ғана қан жоғалтады», - дейді Т.Үкібасова.