Астанада Қазақстандық интервенциялық кардиологтар және рентгенхирургтар қоғамының І съезі өтті
АСТАНА. 1 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың базасында «Қазақстандық интервенциялық кардиологтар және рентгенхирургтар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің І съезі өтті,
деп хабарлады pm.kz сайты.
«Ұлттық медициналық холдингі» АҚ-ның баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, съез жұмысына Қазақстанның танымал кардиологтары мен хирургтары және халықаралық мамандар қатысты.
«Съезге қатысушылар еліміздегі интервенциялық кардиологияның дамуына қатысты өзекті тақырыптарды, қан тамыры хирургиясының проблемаларын, сонымен қатар заманауи емдеу тәсілдерін жан-жақты талқыға салды», - делінген хабарламада.
2011 жылдың қазанынан бастап осы уақытқа дейін орталықта 2 мыңнан астам науқас емделді. Сонымен қатар 1 мыңнан астам, оның ішінде 300 баланың туа біткен жүрек ақауына ота жасалды.
Орталықта алғаш рет жасанды жүректі имплантациялау бойынша бірегей технология енгізілді. Мәселен, 2011 жылы соңғы буынның Heart Ware құрылғысы іске қосылды. Соның арқасында Қазақстан ашық жүрекке бірегей жоғары технологиялармен ота жасайтын әлемнің ең дамыған 22 елінің қатарына кірді.