Астанада Қазақстандық МедиаАльянстың құрылтай съезі болып өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстандық МедиаАльянстың құрылтай съезі болып өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Астанада Қазақстандық МедиаАльянстың құрылтай съезі болып өтті

Жиналған жұртшылық алдында сөз сөйлеген ұйымдастыру комитетінің мүшесі Арманжан Байтасов Қазақстандық МедиаАльянстың ұйымдастыру комитеті осы жылдың маусымында құрылғанын, 3 қазан күні аталған ұйымның мемлекеттік тіркеуге алынғанын атап өтті.

«Меніңше, медиа саласына ауқымды әрі дұрыс ұйым керек. Біз барлығымыз журналистерміз. Ауқымды медиа салада әр түрлі ақпараттарды таратып отырмыз. Өкінішке қарай, өзіміздің құқығымызды қорғауға, бірлесіп ортақ стратегияны құруға уақыт таба бермейміз», - дейді ол.
null 

Оның айтуынша, МедиаАльянс медиа салада еңбек ететін барлық адамның құқығын қорғайтын болады. Бұған қоса қоғамдық ұйымның жұмысы үш бағытта, атап айтқанда, өкілдік қызметті атқару, медиация бойынша жұмыс жүргізіп, медиа көздері арасында байланысты ретке келтіру бойынша жұмыс атқарады. Арманжан Байтасовтың айтуынша, бекем медиа-индустрия Қазақстанның дұрыс бағытта дамуы жолында біздің қоғамға өте қажет.

Өз кезегінде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай еліміз үшін медиа-бірлестіктің құрылуының маңызы зор екенін атап өтті.

«Жуырда ғана тіркелген ұйымның мақсаты туралы хаттамада оның бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің, шығарушылардың, мәдениет саласы қызметкерлерінің, саясаткерлер, қоғамдық құрылымдар, қауымдастықтар мен одақтар өкілдерінің басын біріктіру көзделіп отырғаны жазылған. Сонымен қатар, жаңа ұйымның жұмысы 22 жылдық тарихы бар біздің Ассамблеяның қоғам үшін еңбек ету, ойлы адамдарды біріктіру, демократиялық қағидаттарды күшейту, құқықты қорғау және отандастарымыздың бостандығы тұрғысында жұмысымен сәйкес келеді», - дейді ол.
null 

Сонымен қатар, жиын барысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин сөз сөйледі.

Съездің қорытындысы бойынша Қазақстандық МедиаАльянстың басқарма құрамына қазақстандық ақпарат саласының белгілі он тұлғасы, ал ұйымның басқарма төрағасы болып Арманжан Байтасов сайланды.