Астанада Қазақстанның ең үздік спорт журналистері марапатталды
АСТАНА. 2 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Халықаралық спорт журналистері күнінде ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі Қазақстанның ең үздік спорт журналистерін марапаттады.
15 тілші құрмет грамоталарымен және қазақстандық жанкүйерлердің «Олимпиада-2012» жейделеріне ие болды.
«Спорт - қашанда бейбітшіліктің, халықтар арасындағы достастықтың бейнесі іспеттес. Спорт - жеке адамның ғана емес, сонымен қатар, тұтас бір мемлекеттердің басын біріктіруші күш болып қала бермек. Салауатты өмір салтын ұстануды насихаттап жүргендер де - осы төртінші билік өкілдері», - деді ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов.
«Сіздерге қиындығы мол қызметтеріңізде үлкен табыстар тілеймін. Спорт жайында және қазақстандық спортшылар жайында жазып жүргендеріңізге ризамын», - деп түйіндеді сөзін ол.
Халықаралық спорт журналистері күні жыл сайын 2 шілде күні тойланады. 1924 жылы дәл осы күні Парижде бір жарым мың ұлттық одақтың басын біріктірген, халықаралық спорт баспасөзі қауымдастығы (АИПС) құрылды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, бүгінде елімізде 2752 БАҚ болса, соның ішінде спорт баспасөзінің саны айтарлықтай артып келеді.