Астанада Қазақстанның Энергетикалық апталығы аясында алғаш рет Медиа-күн өтуде
АСТАНА. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Тимур Бектұрғанов, Арнұр Рахымбеков/ - Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның Энергетикалық апталығының аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін алғаш рет арнайы ұйымдастырылған Медиа-күн өтіп жатыр.
Бұл шараға министрліктер мен ведомстволардың, ірі мұнай-газ компанияларының, халықаралық сараптамалық және ғылыми топтардың өкілдері қатысуда. Мұнай-газ және энергетикалық кешен ұйымдарының «Kazenergy» қауымдастығы Қазақстан баспасөз клубымен серіктестікте ұйымдастырып отырған бұл шараның негізгі мақсаты - энергетикадағы ағымдағы үрдістер мен жобалар туралы бұқаралық ақпарат құралдарын жан-жақты хабардар ету, сондай-ақ масс-медиа мен мұнай-газ компанияларының өзара іс-қимылдарының стратегиялық тиімді тетіктерін талдап жасау.
Қазір Медиа-күн бағдарламасының аясында «Жаһандық өзгерістер жағдайындағы стратегиялық коммуникациялар» тақырыбына арналған халықаралық конференция өтуде. Ал бүгін кешке Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің 110 жылдығына арнап «Kazenergy» қауымдастығы мен «ҚазМұнайГаз» компаниясының бастамашылығымен ұйымдастырылған журналистер конкурсының қорытындысы шығарылады.