Астанада Қазақстанның халық әртісі, биші Гүлжан Талпақованың шығармашылық кеші өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстанның халық әртісі, биші Гүлжан Талпақованың "Гүлжан - ғұмыр, гүл - ғұмыр" атты шығармашылық кеші және өнер иесінің қызы, "Айоко Бо" сән үйінің жетекшісі, тігінші-дизайнер Айжан Боқаева мен жастардың кездесу кеші өтті.
"Қазақстанда 21 жасында мәдениет қайраткері атағын, ал 31 жасында Халық әртісі атағын алған өнер иелері өте аз. Содардың бірі әрі бірегейі осы Гүлжан Талпақова", - деп атап өтті құттықтау сөзінде кеш қонағы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зейнолла Алшымбаев.
Айта кетейік, Г. Талпақова Алматы эстрада-цирк өнері студиясын Ш. Жиенқұлованың халық биі класы бойынша бітірген. Ол әлемнің 52 елінің киелі сахнасында "Қуыршақ биі", "Алмас қырғауыл", "Әлия", "Айдан қыз", "Қос алқа" сынды қазақ билерін билеп, өзбектің "Хорезм биі" мен бірқатар Азия халықтарының билерін өнер айдынына алып шығып, би өнерінің бірталай асуларын бағындырған.
Кеш барысында биші өз өмірі туралы сыр шертті.
"Мен кәдімгі қарапайым қазақтың қызымын. Би өнерінің арқасында әлемді шарлап, көптеген қызық пен қиындықты да көрдім. Өнер мен бірге отбасын да бірге алып жүрдім, би менің өміріме айналды", - дейді Халық әртісі.
Сондай-ақ ол жастарға өнер жолына түскілері келсе, бұл саланы жан-тәндерімен сүюі керек екенін қадап айтты.
Айта кетейік, шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зейнолла Алшымбаев, ҚР Еңбегі сіңген өнер қайраткері Тұрсынбек Нұрғалиев, "Astana Ballet" мемлекеттік театрының атқарушы директоры Валерий Күзембаев, "Шалқыма" халық би ансамблінің көркемдік жетекшісі Әбдірасыл Есекеев және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Хореографтар одағының мүшесі, балетмейстер Тойған Оспанқызы қатысты.