Астанада Қазақстанның халық жазушысы, лирик-ақын Т. Молдағалиевтің 80 жылдығы атап өтілді (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Ұлттық көркем сурет галереясында Қазақстанның халық жазушысы, лирик-ақын Тұманбай Молдағалиевтің 80 жылдығына арналған әдеби-поэтикалық кеш өтті.
"Тұманбай Молдағалиев Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Әнұраны авторларының бірі. Болашақ ұрпақ ол кісінің артында мұра қылып қалдырған жыр-өсиетін ешқашан ұмытпайды. Менің ойымша, бүгін біз ұйымдастырып отырған әдеби сағат арқылы оқушыларымыз атақты ақынды одан сайын жақсырақ тани түседі", - деп атап өтті галерея кітапханасының өкілі Гүлнар Әбуова.
Тұманбай Молдағалиевтің түңғыш өлеңі "Украина қызына" 1954 жылы жарияланды. Алғашқы өлеңдер жинағы "Студент дәптері" 1957 жылы жарық көрді.
Тұманбай Молдағалиев нәзік сырлы, ойлы да отты жырларымен танылды. "Кәмила" (1960), "Көктем таңы" (1961), "Алатау қызы" (1963), "Ферюза туралы жыр" (1964), "Зулайды күндер" (1965), "Жүрегім менің сапарда" (1966) т. б. жинақтары шықты.
1967 жылы жарық көрген "Жаңа дәптер" атты кітабы үшін Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты атанды (1968). "Ескерткіш" (1969), "Шақырады жаз мені" (1970), "Жүрек ояу қашанда" (1972) атты кітаптары да оқушылардың ілтипатына бөленді. Оның "Қош, көктем" атты таңдамалы өлеңдер кітабы (1971), "Хаттар" атты поэмалар жинағы (1974) жарық көрді.
Т.Молдағалиевтің орыс тілінде "Я - сын Семиречья" (1962), "Первая встреча" (1968), "Новая тетрадь" (1969) атты өлеңдер жинақтары шықты.
Тұманбай Молдағалиев көптеген ән мәтіндерінің авторы. Оның "Құстар қайтып барады" (музыкасы Н.Тілендиевтікі), "Бақыт құшағында", "Әнім сен едің" (музыкасы Ш. Қалдаяқовтікі), "Ертіс вальсі" (музыкасы Жамақаевтікі), "Шақырады көктем" (муз. Ә.Бейсеуовтікі) атты әнге жазылған өлеңдері халық арасында кең таралған.
Ол Байрон, М. Ю. Лермонтов, Т.Г.Шевченко, О. Туманян, С. Капутикян, К. Ғұлам, X. Ғұлям, Р. Гамзатов, Ұйғын, Зулфия, Д. Жалсараев т.б. ақындардың шығармаларын қазақ тіліне аударды.