Астанада Қазақстанның жануарлар әлемі туралы фотокөрме ұйымдастырылды (ФОТО)

Ұйымдастырушылар Қазақстанның өңір-өңірінен жіберілген 231 суреттің арасынан 40 жұмысты іріктеп алып, көрмеге қойып отыр екен. Көрменің жеңімпаздары 20 қазанда анықталады.
«Бүгінгі көрме - еліміздің сыры көп тылсым табиғатының аз ғана бөлігін қамтып отырған шара. Елімізде құстардың 490 түрі, сүтқоректілердің 172 түрі, балықтың 100-ден астам түрі, бауырымен жорғалаушылардың 51, қосмекенділердің 12 түрі бар. Жеріміздегі қосмекенділердің 3 түрі, балықтардың 18 түрі, жорғалаушылардың 10 түрі, құстардың 57 түрі, сүтқоректілердің 40 түрі, өзге де жануарлардың 128 түрі 2010 жылы шыққан «Қызыл кітаптың» 4 басылымына енген. Біздің, қазақстандықтардың міндеті осы жануарлар әлемін қамқорлыққа алу, жан-жануарларды жөнсіз ауламай, аңшылықтың әдебін сақтау. Күш біріктірсек қана, осы табиғат пен оны мекен еткен неше түрлі жануарларды сақтап, санын көбейте аламыз», - деді көрменің ашылуында «Дұрыс аңшылықты қолдау және жануарлар дүниесін қорғау» корпоративті Қорының директоры Оралбай Әбдікәрімов.
Фотокөрмені тамашалағандардың арасында ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай, Сенат депутаты Владимир Редкокашин, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов және өзге де белгілі азаматтар бар. Көрме жеңімпаздары 20 қазан күні, осы Ұлттық музейде марапатталады.