Астанада «#ҚазақстанЖақсылықЖасайды» қайырымдылық жобасының тұсаукесері өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 7 сәуір, Дүниежүзілік денсаулық күні Астана қаласында «Қасиетті Жол» қоғамдық қайырымдылық қорының республикалық ауқымдағы «#ҚазақстанЖақсылықЖасайды» жобасы басталады, деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

Астанада «#ҚазақстанЖақсылықЖасайды» қайырымдылық жобасының тұсаукесері өтеді

Бұл күні №2 Қалалық балалар ауруханасында жоба аясындағы алғашқы акцияның тұсаукесері өтеді. Атақты дизайнерлер мен суретшілер балалармен бірге ауруханының қабырғаларын көркем суреттермен безендіреді.

«Аталған жоба арқылы әрбір қазақстандықтың айналысатын ісі мен кәсібіне қарамастан өмірімізді көркейтіп, ізгілік пен мейірімге бөлей алатындықтарын дәлелдегіміз келеді. Олар әртүрлі салалардағы еріктілер: суретшілер, құрылысшылар, дәрігерлер немесе мұғалімдер. Ал біздің Қордың қызметі сал ауруына шалдыққан балаларға көмек көрсетуге арналған жобалармен байланысты болғандықтан, «#ҚазақстанЖақсылықЖасайды» жобасы аясында Қазақстан бойынша 14 оңалту орталығын ашуды жоспарлап отырмыз», - деп ой бөлісті қордың директоры Гүлмира Әбілдина.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 13 433 бала сал ауруына шалдыққан болса, олардың тек 2 621 (20%) 2015 жылы оңалтудан өткен. Мемлекеттік медициналық мекемелерде оңалту-сауықтыру орындарының тапшылығына орай 10 мыңнан аса бала өз дерттеріне мойынұсынуға мәжбүр.

«Біздің мұрындық болуымызбен ашылған Астанадағыдай оңалту орталықтары еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс жасап отырса, бұл балаларға көмектесуге болар еді. Осы орайда Қордың арнайы әзірленген әдіснамасы бар және онымен бөлісуге даярмыз. Аталған балалардың тағдырына бей-жай қарамайтын барлық қазақстандықтарды, атап айтсақ атқарушы билік органдарын, бизнес-құрылымдар мен мамандарды игі бастамаға қолдау көрсетіп, атсалысуға шықарамыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген емес пе?! Ендеше, жұдырықтай жұмылсақ, балаларымызға жарқын болашақ, бақытты балалық сыйлай аламыз», - деді қор директоры Гүлмира Әбілдина.

7 сәуір «#ҚазақстанЖақсылықЖасайды» жобасына «Нұр Отан» партиясы, Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының өкілдері, Қазақ ұлттық өнер университеті, Black&White Group компаниясы және Жанна Ахметова мен Камила Шоқанова сияқты танымал блогерлер қолдау көрсетуге келеді.

"Қасиетті Жол» қоғамдық қайырымдылық қоры 2009 жылы балаларға қайырымдылық көмек көрсету, сондай-ақ олардың Қазақстанда сапалы және қолжетімді ем қабылдаулары үшін жағдай туғызу мақсатында құрылған болатын. Қор «Ұлт болашағы - дені сау балалар» жобасы шеңберінде 9 балалар үйін үздік оңалту жабдықтарымен қамтамасыз етіп, 2014 жылы Астана қаласында Қазақстанның әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан шыққан және балалар үйінің нейроортопедиялық патологиялары бар балалары үшін көп салалы оңалту орталығын ашты.