Астанада қазақтың ұлттық мәдени құндылықтарын сақтап, дамыту мәселелері талқылануда
АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астанада қазақтың ұлттық мәдени құндылықтарын сақтап, дамыту мәселелері талқылануда.
«Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық мәдени құндылығы» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысына танымал мәдениет және қоғам қайраткерлері, тарихшылар, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысуда.
Филология ғылымдарының докторы, Шыңғысхан Халықаралық академиясының академигі Қаржаубай Сартқожаұлы атап көрсеткендей, Қазақстанда «Мәдениет туралы», «Тілдер туралы» заңдар мен ұлттық құндылықтарымызды, дәстүріміз бен мәдениетімізді сақтап, қайта түлетуді мақсат тұтқан көптеген басқа да заңнамалық құжаттар қабылданды. Енді соларды негізге ала отырып жұмыс жасау қажет.
«Қандай жұмыс істесек те еркіндік бар, оған құқық берілді. Енді өзімізден бастауымыз керек. Қазақстанның ұлттық құндылығы мен ұлттық мәдениетін сақтап дамытуға әрбір азамат атсалысуы тиіс. Ұлттық мәдениет дегеніміз не? Ол - сіз бен біздің күнделікті тіршілігіміз», - дейді ол.
Ғалым: «Еуропа мәдениетіне бет бұрған қазіргі үдеріс түбірімен дұрыс емес», деген пікірін білдіре отырып, төл мәдениетіміз тереңге сіңген жағдайда ғана, заман көшінен қалып қоймау әрекеттері құпталатындығын атап өтті.
Қ.Сартқожаұлының пайымдауынша, мәдениеттің бастау бұлағы - тілде. «Біз әуелі тілді оңдайық. Қазір біздің бет-бейнеміз ғана қазақ, ал оның түбінде қазақи рух жоқ», - дейді ол.
«Елбасы Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіздік жылдары ішінде бұл түйіткілдің түйіні тарқалып жағдай түзеліп келеді. Қазіргі қазақ 1998 жылдардағы қазаққа мүлдем ұқсамайды. Сондықтан, әркімге жалтақтаумен өмір сүргенді қойып, ішіп-жегенімізге дейін өзіміздің мәдениетімізді қалыптастырған жөн. Ал ата-бабалардан қалған асыл мұраларды сол мәдениетті қалыптастыруға негіз етіп алу қажет», - деді ғалым.