Астанада Кедендік бақылау департаментінде брокерлік компаниялардың қатысуымен кеңес өтті
АСТАНА. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанадағы Кедендік бақылау департаментінде Индустрияландыру картасы бағдарламасының қатысушыларына және брокерлік компания басшыларына Кедендік одақ аясында тауарлар мен көлік құралдарын кедендік рәсімдеуден өткізу мәселелері түсіндірілді.
Кедендік бақылау департаменті жанындағы кедендік саясат жөніндегі қоғамдық косультативтік кеңестің отырысы ағымдағы жылы бірнеше рет өткізілген болатын. Оған департамент қызметкерлерінен бөлек, «Нұр Отан» ХДП елордалық филиалының, кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларының өкілдері енген.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауларында экономикалық өсімнің және халықтың әл-ауқаты жоғарылауының негізі болып табылатын Қазақстанның Индустрияландыру картасы бағдарламасының орындау бағытындағы шараларға баса назар аударады», - деді «Астана-кедендік рәсімдеу орталығы» кедендік бекетінің бас маманы Ерлан Қанафин.
Оның айтуынша, биыл Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің ортақ кедендік заңнамасына сәйкес, өндірістік бизнес объектілерінің тауарларын рәсімдеу бағытында бірқатар жеңілдіктер жасалды. Қазан айынан бастап, КО кеңістігінде тауарлардың енуін және импортталуын, кедендік рәсімделуін жеңілдетуді көздейтін заңдағы өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді.
Кеңес барысында брокерлік компания басшыларына, Индустрияландыру картасы жобасына кіретін тауар өндірушілердің жетекшілеріне жаңа өзгерістер мен толықтырулар турасында талқылаулар мен түсіндірме баяндамалар жасалды.