Астанада кембағал жандар арасында биден Қазақстан чемпионаты өтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Тәуелсіздік сарайында мүмкiндiгi шектеулi жандар арасында қоларбада отырып билеуден Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде.

Астанада кембағал жандар арасында биден Қазақстан чемпионаты өтуде

Оған Тараз, Атырау, Қарағанды, Шымкент және Астана қалаларынан барлығы 39 спортшы қатысуда. Шара жеңiмпаздарына берiлетiн сыйақы қорының жалпы көлемi 1 миллион теңгенi құрап отыр. Бүгін, 13 сәуірде финалдық сайыстардан кейін жеңімпаздар анықталады.

«Қазақстанда қоларбада отырып би билеу спорты Қазақстанда жақында ғана пайда болды, алайда аталмыш спортпен айналысып жүрген адамдар елеулі жетістіктерге қол жеткізуде. Олардың ішінен Токиода ІРС әлем чемпионатындағы қола жүлдені ерекше атап өткен жөн. Қазақстандық мүгедек спортшылар аталмыш сайысқа бірінші рет қатысты. Қазақстанда арбада отырып би билеу спорты қарыштап келеді», - дейді Қазіргі заманғы спорттық би федерациясының президенті Әлия Түсіпбекова.

Оның айтуынша, қоларбада отырып би билеуді Паралимпиада ойындарына енгізу бойынша жұмыстар атқарылуда. Әлем чемпионатындағы жеңістен кейін біздің спортшылар 2016 жылғы Бразилияда өтетін Паралимпиада ойындарына барып қалуы бек мүмкін.

Арбада би билеу спорттық би ретінде 2009 жылдан бастап дамып келеді. Бұған дейін ол көркемөнердің бір түрі болып қарастырылып келген. 2010 жылы астаналық «Қайсар» клубында спорттық би бөлімі ашылып, Астана мұндай спортпен айналысатын бишілерді дайындайтын алғашқы қала атанды.