Астанада кемелер Есілге шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Есіл өзенінде кеме жүзу маусымы ашылды. Маусым 2015 жылғы 15 мамырдан 25 қазанға дейін жалғасады.
Астанада кемелер қызметі 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Елорда тұрғындары мен қала қонақтары биыл да әдеттегідей аталған қызмет түрін пайдалана алады. Тасымалдау шараларын Астана қаласының әкімдігі Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының «Есіл-Астана» МҚКК жүзеге асырады. Тұрғындарға алты жолаушылар кемесі қызмет көрсетеді. Жолаушыларды кемеге отырғызу мен шығару Кенесары ескерткіші жанындағы айлақта жүргізіледі. Маршруттың жалпы ұзындығы - 18,8 км. Кеме қозғалысы шеңбер бойымен келесі бағытта жүргізіледі: Кенесары ескерткіші - «Редисон» қонақ үйі - «Шұбар» ықшам ауданы - «Жыл мезгілдері» саябағы - Кенесары ескерткіші. Астана қаласы әкімдігінің 2015 жылғы 27 наурыздағы №108-417 қаулысына сәйкес, кеме қызметі үшін келесі бағалар белгіленген: Ересек адамдар үшін 1000 теңге; Балалар үшін (7-16 жас аралығы) 500 теңге.